3 қазан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 3 қазан тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
65 жыл бұрын (1958) ҚР қоғам және саясат қайраткері Зағипа Яхияқызы БАЛИЕВА дүниеге келді.
Алматы облысы Кеген ауданының Жалаңаш ауылында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген, экономист-халықаралық маман.
Еңбек жолы: 1975-1976 жылдары СКТУ-де зертханашы болып жұмыс істеген. 1981-1982 жылдары Жамбыл облыстық құрылыс банкінде заңгер-кеңесші, 1982-1986 жылдары Жамбыл қалалық атқару комитетінде заңгер, 1986-1992 жылдары Алматы қалалық атқару комитетінің тұрғын үйді есепке алу және бөлу басқармасының инспекторы, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1992-1994 жылдары Алматы қаласы әкімшілігі басшысы аппаратының заң бөлімінің меңгерушісі, 1994-1995 жылдары XIII сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Экономикалық реформа жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, 1995-1996 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы болды. 1996-2005 жылдары ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрайымы, 2005-2009 жылдары ҚР Әділет министрі, 2009-2011 жылдары IV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, 2012-2016 жылдары V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды. 2016-2021 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.
«Құрмет», «Парасат», «Күміс алқа», ордендерімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
45 жыл бұрын (1978) Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Берлешұлы ШАХАРОВ дүниеге келді.
Орынбор облысында (РКФСР) дүниеге келген. 1999 жылы Қазақ мемлекеттік Спорт және туризм академиясын бітірген, дене шынықтыру пәнінің оқытушысы - спорт жаттықтырушысы. 2002 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін халықаралық экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. 2013 жылы РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының аспирантурасын бітірді.
Еңбек жолы: 2000-2004 жылдары Ақтөбе Мемлекеттік Университеті спорт пәндері кафедрасының оқытушысы, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы, 2004-2007 жылдары Ақтөбе облысының олимпиадалық резервті даярлау орталығының директоры, 2013-2017 жылдары Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының әкімі, 2017-2020 жылдары Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданының әкімі қызметін атқарды.
2020 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
43 жыл бұрын (1980) ҚР Жоғары Сот Кеңесінің хатшысы - Жоғары Сот Кеңесі аппаратының басшысы Әнуар Жоламанұлы САБЫРОВ дүниеге келді.
2002 жылы Екатеринбург қаласындағы Орал мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірді.
Еңбек жолын 2002 жылы ҚР Заң шығару институтында бастады. 2003 жылы Әділет министрлігі Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің жетекші маманы, 2004 жылы Әділет министрлігі Заңға тәуелді актілер департаментінің жетекші маманы болды. 2004-2009 жылдары Жоғары Сот аппаратында аға сарапшы, бас сарапшы, бас кеңесші, сектор меңгерушісі қызметін атқарды. 2009 жылы ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімінің инспекторы, 2011 жылы сектор меңгерушісі болып тағайындалды.
2014 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
2015 жылдан бері қазіргі қызметінде.
43 жыл бұрын (1980) Түркістан қаласының прокуроры Жаннұр Асқарбекұлы АХМЕТБЕК дүниеге келді.
Қостанай облысында туған. Л.Н. Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетін халықаралық құқық мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 2005 жылы Астана қаласы Алматы ауданы прокуратурасының бас маманы, 2012-2015 жылдары Астана қаласы Алматы ауданы прокуратурасында прокурордың көмекшісі, бас прокуратураның әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының аға прокуроры қызметін атқарды. 2015-2017 жылдары Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы, 2017-2019 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының прокуроры болды.
2019 жылдың қыркүйек айынан бері қазіргі қызметінде.
35 жыл бұрын (1988) Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек КЕНЖЕХАНҰЛЫ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында (қазіргі Түркістан) дүниеге келді. «Болашақ» халықаралық стипендиясы бағдарламасы аясында Ұлыбританияның Рединг университетін «ауыл шаруашылығы саласындағы экономист» мамандығы бойынша, Кореяның Аджу университетін «экономика және бизнес магистрі» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ несиелік өнімдерді әзірлеу департаментінің менеджері болып бастаған. Әр түрлі жылдары Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің инвестициялық жобалар және қаржылық құралдар департаментінің инвестиция басқармасының басшысы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің халықаралық ынтымақтастық және экономикалық интеграция департаментінің халықаралық ынтымақтастық басқармасын, Ақтөбе облысы сыртқы байланыстар және туризм басқармасын, Ақтөбе облысы ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасын басқарды. 2019-2021 жылдары Ақтөбе облысындағы Мартық ауданының әкімі қызметін атқарды.
2021 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
123 жыл бұрын (1900-1940) қазақтың халық ақыны, әнші, әртіс, домбырашы, композитор Иса БАЙЗАҚОВ дүниеге келді.
Павлодар облысының Ертіс ауданында туған. Орынбор қаласындағы Қазақ халық ағарту институтын, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген.
Жастайынан суырып салма ақындық, әншілік, домбырашылық өнерімен көзге түседі. 1919-1920 жылдары ел ішінде Бағит, Құдайберген деген ақындармен айтысып, жеңеді. Алғашқы өлеңдері 1924 жылы жарияланды. 1926 жылы Қызылордада қазақтың тұңғыш театры ашылғанда, М. Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» мен «Бәйбіше-тоқалында» басты рөлдерде ойнады. 40-тан астам халық әндерінің сөзін жаңа заманға, өмір салтына сәйкес қайта жазды. Репертуарындағы халық әндерінің көпшілігі «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Ер Тарғын» операларына енді. 1931-1940 жылдары Алматы, Қарағанды, Семей қалаларында радиода, Жазушылар одағында қызмет етті.
Оңтүстік Қазақстан облысында тұрып ауыл-ауылды аралап жалынды өлеңімен, асқақ өнерімен үгітшілік қызмет атқарды. Оның атақты «Желдірмесі» (бес желдірме) халық арасына кеңінен тарады. Шығармалары бірнеше рет жеке кітап болып басылып, орыс тілінде де жарық көрді.
Жазушы Н. Анов «Ән қанаты» романында, осы аттас кинофильмде әнші-ақынның көркем бейнесін жасады. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған. 1980 жылы республикалық деңгейде алғашқы рет қазақтың халық ақыны Иса Байзақовтың туған күні аталып өтті.
И. Байзақовтың 80 жылдық мерейтойында «Беловодский» ұжымшарының атауы Иса Байзақов атындағы ауыл болып өзгертілді. Ертіс ауданындағы Мәдениет үйінің алдында Иса Байзақовтың бюст ескерткіші орнатылды. Оның есімі аудан орталығының көшелеріне берілді. Иса Байзақовтың 100 жылдық мерейтойы салтанатты жағдайда Астана, Павлодар қалаларында және Ертіс ауданы мен оның туған жерінде атап өтілді. 2010 жылдың тамыз айында Павлодар облысында Иса Байзақовтың 110 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шаралар өтті.
82 жыл бұрын (1941-2012) жазушы, аудармашы Бақытжан МОМЫШҰЛЫ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы шет тілдер педагогикалық институтын бітірген.
Еңбек жолын Жамбыл облысының Жуалы аудандық газетінде тілші болып бастап, Жамбыл облыстық газетінде, «Ленинская смена» газетінде еңбек етті. Шығармашылық жолын аудармашылықтан бастап, Ш. Мұртазаның «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай» повестерін, Ж. Молдағалиевтің, Д. Досжановтың, О.Бөкеевтің, Қ. Найманбаевтың, Б. Бодаубаевтың, Б. Тоғысбаевтың, М. Айымбетовтың, К. Тоқаевтың, т.б. жазушылардың туындыларын аударған. Өзінің «Жанымның жарық жұлдызы», «Қасымда сен барда», «Әкеге құрмет», т.б. кітаптары жарық көрген.