3 қазандық іске қосылған: Риддер жылу орталығындағы жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр

Риддер қаласындағы жылу орталығында қазіргі уақытта 3 қазандық іске қосылған, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

ШҚО құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде Риддердегі жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде.

«Өткен аптада ЖЭО-да №2 қазандық іске қосылды. Осылайша, орталықта барлығы 3 қазандық жұмыс істеп тұр. Бұл қаланы жылумен толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Сондай-ақ жоғары қысымды қазандықтарды қосу бойынша техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олар 15 қарашаға дейін іске қосылмақ», - дейді басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Рамазанов.

Оның айтуынша, жылу электр орталығындағы мердiгер ұйымдардың жұмысы күн сайын қадағалануда.

Бүгінде ЖЭО 11 мың тоннадан астам көмірмен және 120 тонна мазутпен қамтамасыз етілген.