3 маусым – парашюттің туған күні
АСТАНА. KAZINFORM – 3 маусым күні әлемде парашюттің дүниеге келген күні атап өтіледі. Бұл күн адамзаттың әуе кеңістігін игеру жолындағы алғашқы қадамдарының бірі ретінде тарихта қалды.
Тарихи деректерге сүйенсек, парашюттің алғашқы жобасын XV ғасырда италиялық ғалым әрі өнертапқыш Леонардо да Винчи жасаған. Алайда бұл идея тек XVI ғасырдың соңында ғана іс жүзінде жүзеге аса бастады.
1797 жылы 3 маусымда француз аэронавты Андре-Жак Гарнерен алғаш рет Париж аспанынан парашютпен секіруді сәтті жүзеге асырды. Ол шамамен 1000 метр биіктіктен жерге қонған. Бұл оқиға парашюттің даму тарихындағы маңызды кезең болып саналады және осы күн ресми түрде парашюттің туған күні ретінде белгіленді.
Кейіннен парашют әскери, ғылыми және спорттық мақсаттарда кеңінен қолданыла бастады. Атап айтқанда, Әскери салада – әуе-десант бөлімшелерін түсіру үшін, ғарыш саласында – капсулаларды Жерге қауіпсіз жеткізу мақсатында, құтқару операцияларында – төтенше жағдай кезінде адам өмірін сақтау үшін, спортта – әуесқойлар мен кәсіби спортшылар үшін экстремалды бағыт ретінде кең қолданыс тапты.
Қазақстанда парашют спорты XX ғасырдың ортасынан бастап қарқынды дами бастады. Ел аумағында парашютпен секіруді үйрететін клубтар мен орталықтар жұмыс істейді. Жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық жарыстар жастардың бұл спорт түріне қызығушылығын арттырып отыр.
Мамандардың айтуынша, парашют спорты адамнан жоғары физикалық дайындықпен қатар рухани төзімділікті, жылдам шешім қабылдау қабілетін талап етеді.
– Алдымен теориялық сабақ өтеді, содан кейін психологиялық тест тапсырылады. Серуендеуге немесе секіруге ниетті адам түрлі жағдайларға дайын болуы керек. Мысалы, негізгі парашют ашылмай қалған жағдайда қосалқы парашютті қашан және қалай қолдану керектігін нақты білуі шарт. Мұндай төтенше жағдайлар әрқашан болуы мүмкін. Сол себепті парашютті өзің жинауың қажет. Бұл процесс «укладка» деп аталады. Сонымен қатар нұсқаушыны мұқият тыңдау өте маңызды. Бар зейінің парашютте болуы керек, сабыр сақтау — басты қағида, – деді 3-сыныпты сержант (шебер сержанты) Талғат Жақсыбаев.
Маманның айтуынша, парашютпен секірген кезде нақты қай жерге қонатыныңды алдын ала болжау мүмкін емес. Ұшу барысында желдің бағыты өзгеріп, секірушіні басқа жаққа алып кетуі ықтимал. Адам орманның үстіне, суға немесе электр сымдарына түсуі мүмкін. Кейде екі парашют ауада бір-бірімен соқтығысып жатады. Мұндай қауіптің алдын алу үшін адамдарды салмағына қарай жіберу тәртібі қолданылады. Алдымен ауыр салмақтағылар, кейін жеңілдер секіреді. Бұл – ауада соқтығысудың алдын алуға бағытталған әдіс.
– Жерге қонғанда екі аяқты қосып, бірге ұстау керек. Егер бір аяқпен түссең, оны жарақаттап немесе сындырып алуың ықтимал. Сондықтан қону техникасын дұрыс меңгеру – қауіпсіздіктің басты кепілі, – деді ол.
Сержанттың айтуынша, тікұшақ көтеріле бастағанда бір-біріңді есту мүмкін болмайды. Сол себепті тек нұсқаушының қимылдарына қарап, айтқанын бұлжытпай орындау қажет.
– Қорқыныш дәл осы сәтте басталады. Секірген кезде қол мен аяқты бүгіп, денені жинақы ұстау керек. Өйткені оралып қалу қаупі бар. Ережелер өте көп, бірақ ең бастысы – осы айтылғандарды есте сақтау, – дейді Талғат Жақсыбаев.
Айта кетейік, 3 маусым тек парашют өнертабысының ғана емес, сонымен қатар адамзаттың батылдыққа, еркіндікке және жаңа мүмкіндіктерге ұмтылысын білдіретін маңызды күн ретінде жаһандық деңгейде аталып өтеді.
Ақерке Қабдұлкәкім