Бұл оқиға жөнінде бүгін журналистермен болған брифинтге Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, ақпанның 16-сы күні таңғы сағат 11-де Ақмола облысының Ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығына ер азамат телефон шалып, Көкшетау қаласының орталық базары маңында, нақтырақ айтқанда Гагарин көшесінде белгісіз біреулердің оның көлігіне оқ атқанын жеткізген. «Ал оқиға орнына келген тәртіп сақшыларына жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы директоры, 25 жасар азамат серіктестіктен банкке қаржы тасымалдап бара жатқан кезінде оның көлігінің алдыңғы терезесіне оқ атылып, осы сәтте жүргізуші басын ұрып алып ес-түссіз қалғандығын айтты. Ал көліктегі 3 миллион 400 мың теңге із-түссіз көзден ғайып болған», деді департамент бастығы.
Оның мәліметтеріне қарағанда, аталмыш оқиғаға жүргізілген тексеру жұмыстары оқ атылған көліктің терезесінде жарықтарды көреді. Тексеру жұмыстарының алдын ала нәтижелері бойынша көліктің терезесіне оқ денеге зақым келтіретін қарудан атылған. «Сонымен қатар көліктің жүргізушісі қарақшылық шабуыл жасалғанына қарамастан тергеу барысында өзін ерекше байсалды, бейқам ұстады. Ал шабуыл жасаған көліктің маркасын білмейтін болып шықты. Ең соңында жедел басқару орталығының бенекамералары шабуыл жасалған көліктің қозғалысын әрбір минутына дейін түсірген. Онда ешқандай да шабуылдың көрінісі жоқ. Ал серіктестік директорының айтқандары мүлдем шындыққа жанаспайды. Тәртіп сақшылары сонымен қатар ЖШС-нің мойнында үлкен қарызы бар екендігін анықтады. Сөйтіп қарақшылық шабуыл қарыздан құтылу үшін ойдан шығарылған дүние болып шықты», деді Қ.Жұманов.