3 мың рубик текшесінен Абай портреті құрастырылды

Фото: Mega astana

АСТАНА. KAZINFORM - Астанадағы MEGA Silk Way сауда, ойын-сауық орталығында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ерекше инсталляция ұсынылды – ұлы ақынның портреті 3000 Рубик текшесінің көмегімен жасалды.

Орталық екі күн бойы «Абай әлемі» атты мазмұнды мәдени іс-шаралар алаңына айналды. Көпшілік назарына шығармашылық қойылым мен поэзиялық кештер ұсынылды.

Фото: Mega astana

Ауқымды жобалардың бірі – Рубик текшелерінен құралған алып портрет болды. Биіктігі 3 метр, ені 2 метр бірегей туындыны спидкубер жастар небәрі 5 сағат ішінде жинап шықты.

«Біз тек көрнекі инсталляция емес, терең мағынасы бар арт-объект жасауды көздедік. Рубик текшесі – логика мен шығармашылықты тоғыстыратын өнер. Осы арқылы көрерменге ұлттық болмысты заманауи тәсілмен жеткізгіміз келді, – деді жобаның бастамашысы Әлихан Ертұрсын.

Фото: Kazinform

Көркем туындыны мыңдаған келуші тамашалап, жастардың креативті ойлау қабілеті мен өнеріне оң бағасын берді. Инсталляция тек шығармашылықты емес, ұлттық мұраға деген құрметті де айқын көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – Абай мұрасын жаңаша қырынан танытуға жасалған тың қадам. Мақсат – шығармашылықты дамыту, ұлттық сана мен елдік болмысты жастардың тереңірек ұғынуына себепкер болу.

Осыған дейін Абай облысында «Абай күні» қалай атап өтіліп жатқаны туралы фоторепортаж жарияладық.