Азық-түлік тауарларының түпкілікті құнына әсер ететін факторлардың бірі — жеткізу тізбегіндегі өнімсіз делдалдардың болуы. Мұндай әрекеттерді анықтау және олардың жолын кесу мақсатында ел өңірлерінде азық-түлік тауарларына баға белгілеу тізбегіндегі делдалдық схемаларды тексеретін комиссиялар жұмыс істейді.
— Қазіргі кезде делдалдық схемаларды тексерумен айналысатын өңірлік комиссиялар 614 отырыс өткізіп, нәтижесінде заң бұзудың 2 436 дерегін анықтады. Бұл ретте 2 908 әкімшілік хаттама толтырылып, жеткізу тізбегінен 211 делдал шығарылды, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Айта кетейік, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) нарығында өнімсіз делдалдарды анықтауға мүмкіндік беретін жаңа құқықтық тетік енгізіледі.
Бұған дейін хабарланғандай, өңірлердегі баға жағдайына елеулі ықпал ететін 63 негізгі базар айқындалды. Аталған нысандарда көшпелі тексерулер, мониторинг және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.