Оның айтуынша, жыл сайын өңірде 6 мыңға жуық адам иттер мен басқа жануарлардан зардап шегіп, медициналық көмек алады.
– Жануарлардың тістеуі мен құтырудың алдын алу бойынша жылдың алғашқы алты айында 3302 адам медициналық көмекке жүгінді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,8 пайызға көп, – деді спикер.
Департамент басшысының мәліметінше, Түркістан облысында жыл басынан бері Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының 8 расталған жағдайы тіркелген. Оның екеуі Отырар ауданында, бір-бірден Бәйдібек, Ордабасы, Қазығұрт, Сайрам, Келес аудандары мен Кентау қаласында анықталған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 2 жағдайға артқан.
– Түркістан облысы – оңтүстік өңірдегі Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары орналасқан төрт облыстың бірі. Инфекцияны жұқтыру қаупі негізінен мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар арасында жоғары. Биыл алты айда мамандар 31 мыңнан астам кене жинап, зерттеу жүргізді. Нәтижесінде 55 сынамадан ауру қоздырғышы анықталды, – деді спикер.
Сондай-ақ облыста жарты жылда туберкулездің алғаш анықталған 266 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 16-сы – балалар мен жасөспірімдер.
Бұған дейін Түркістан облысында 1400-ге жуық адамды кене шаққанын жазған едік.