Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында мәлім болды.
Депутаттар алдында баяндама жасаған, Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қадырхан Отаровтың айтуынша, Елбасы тапсырмасын іске асыру мақсатында үш жылға (2012-2014 ж) жоспарланған 90 млн. гектардың 31 млн. гектарды қамтитын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге түгендеу жүргізілген.
«Осы жылы жүргізілетін түгендеудің мақсаты олардың көлемдерінің есептік деректермен сәйкес келуін нақтылау ғана емес, олардың жағдайын зерттеу, яғни пайдаланылмаған немесе мақсатқа сай емес пайдаланылып келген жер учаскелерін анықтау. Сондай-ақ, суармалы аймақтар, жайылымдардың жағдайын айқындап, тиімді пайдалану жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу болып табылады. Бұл ретте түгендеу жұмыстары 57 әкімшілік ауданды және 5 облыстық маңыздағы қаланы қамтыды. 800 ауылдық (селолық) округ және 67,5 мың шаруашылық субъектілері зерттелді», - дейді агенттік басшысы. Оның айтуынша, шара аясында тиісті картографиялық және басқа да қажетті материалдар дайындалған. Соған орай, түгендеу жүргізудің барысында аграрлық сектордағы шаруашылық жүргізу субъектілердің санына қатысты айырмашылықтар анықталған.
«Бұл ретте атап өтуіміз керек, жыл сайынғы жер балансын әзірлегенде, олар жергілікті атқарушы органдармен бекітіледі. Осы тұста әрбір ауытқулар түзетілетін болады және ол статистикалық органдарға беріледі. Алайда осындай үлкен айырмашылықтардың болуы жыл сайынғы есепті әзірлеуге кейбір уәкілетті органдардың тиянақсыз жұмысын көрсетеді», - дейді Қадырхан Отаров.