3 наурыз. Туған күн иелері

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 3 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

57 жыл бұрын (1965) Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Серік Жаманқұлұлы ШАЙДАРОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу кентінде туған. 1990 жылы инженер-құрылысшы біліктілігі бойынша Қарағанды политехникалық институтын бітірді. 2001 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде экономист біліктілігін алды. 1990-1991 жылдары – «Жезқазғанмелиорация» өндірістік құрылыс-пайдалану бірлестігінің өндірістік-технологиялық жинақтау басқармасының инженері, бөлім бастығы. 1991-1992 жылдары – Жаңаарқа ауданы Атасу кентінің «Иртышканалстрой» тресінің өндірістік-технологиялық жинақтау басқармасының бас инженері, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы, трест басқарушысының орынбасары. 1992-1994 жылдары – Жаңаарқа ауданы Атасу кентінің «УПТК» ұжымдық кәсіпорнының төрағасы. 1994-1996 жылдары – Жаңаарқа аудандық әкімшілік басшысының орынбасары. 1996-1997 жылдары – Жаңаарқа ауданы әкімінің бірінші орынбасары. 1997-2007 жылдары – Жаңаарқа ауданының әкімі. 2007-2011 жылдары – Нұра ауданының әкімі. 2011-2013 жылдары – Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы. 2013-2014 жылдары – Жезқазған қаласының әкімі. 2014-2017 жылдары – Абай ауданының әкімі. 2017 жылғы маусымнан бастап – Қарағанды облысы әкімінің АӨК және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. «Құрмет» Орденімен марапатталған.

56 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Сәлімжан Жұмашұлы НАҚПАЕВ дүниеге келді. Атырау облысында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген, экономист (1991). Еңбек жолы: Мақат линиялық-өндірістік басқармасында технологиялық компрессордың машинисі (1983-1989); Мақат аудандық атқару комитетінің экономика комитетінің маманы, аға экономисі (1989-1992); «Мақсат» шағын кәсіпорының төрағасы (1992-1995); Мақат ауданының әкімінің экономика жөніндегі орынбасары (1995-2000); Мақат ауданының әкімі (2000-2003); Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы (2003-2005); Атырау облысы Жылыой ауданының әкімі (2005-2006); Атырау облысы әкімінің орынбасары (02.2006-10.2006); Атырау қаласының әкімі (2006-2009); Атырау облысы әкімінің орынбасары (2009-2010); Атырау облысы әкімінің орынбасары (2013-2017); «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасының әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары (2018-2021). Қазіргі қызметінде – 2021 жылдың қаңтарынан бастап. «Құрмет» (2005), Сергей Радонеждің 3-санаттағы орденімен (2008); «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Астанаға 20 жыл» медальдарымен марапатталған.

39 жыл бұрын (1983) ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Батырбекұлы МУСИН дүниеге келді. Павлодар облысы, Екібастұз қаласында туған. Сүлеймен Демирел атындағы университетті және Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын бітірген. Еңбек жолы: 2011 және 2012 жылдар аралығында ҚР БАМ Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және ХҚО қызметін үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары болды. 2012 жылдан бастап ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және ХҚО қызметін үйлестіру комитеті төрағасының лауазымын атқарды. 2014 жылдың сәуірінде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды. 2014 жылдың тамызында «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы қызметіне кірісті. 2017 жылы Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитеті төрағасы болып тағайындалды. 2019-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі болды.

2020 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған.