3 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі: есімдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 3 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

3 тамыз, ЖҰМА

ЕСІМДЕР

44 жыл бұрын (1974) «Тәуекелдерді бағалау тобы» сараптамалық, консалтингтік ұйымының (KRAG) құрылтайшысы және директоры СӘТПАЕВ Досым Асылбекұлы дүниеге келді.

Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін саясаттанушы, саясаттану оқытушысы мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: «Саясаттану зерттеулерінің орталығы» үкіметтік емес студенттер ұйымының вице-президенті (1993-1996); «Деловая неделя» газетінде саяси шолушы (1995-1997); Қазақстан даму институты саяси зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері, «Саясат» ғылыми-сараптамалық журналының жауапты редакторы (1997-2000); «Новое поколение» газетінде саяси шолушы (1998-2005); Британ институтының Қазақстандағы өкілдігінің директоры (2000-2003); Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігі директорының орынбасары (2000-2002); Қоғамдық мәселелерді талдау орталығының жалпы мәселелер жөніндегі директоры (2001-2002); «Сорос-Қазақстан» қоры басқарма мүшесі (2005-2010).

38 жыл бұрын (1980) Түркістан облысы Арыс қаласының әкімі ҚАДЫРБЕК Мұрат Болатұлы дүниеге келді.

Оңтүстiк Қазақстан облысы Шардара ауданының тумасы, бiлiмi жоғары, заңгер, құқықтану магистрi. Қазақстан Республикасы Президентi жанындағы Мемлекеттiк басқару академиясының түлегi.

Еңбек жолын 2002 жылы Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы прокуратурасының бөлiм прокуроры лауазымынан бастады. 2004-2008 жылдары Қазыбек би ауданы прокурорының көмекшiсi, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай аудандық №2 сотының судьясы лауазымдарын атқарды. 2008-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнде бюджеттiк жоспарлау, қаржы-экономикалық қамтамасыз ету және мемлекеттiк активтердi басқару, экономика және қаржы департаменттерi директорының орынбасары, Алматы облысы Еңбекшiқазақ ауданы әкiмiнiң орынбасары болып еңбек етті. 2011-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң Мемлекеттiк қызметтi кадрлық қамтамасыз ету департаментi директорының орынбасары, Алматы облысы бойынша департамент басшысының орынбасары, Солтүстiк Қазақстан және Маңғыстау облысы бойынша департаменттер басшысы - тәртiптiк кеңес төрағасы лауазымдарын атқарды.

2016 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.

33 жыл бұрын (1985) танымал боксшы ЖАЙЛАУОВ Ғани дүниеге келді.

Қызылорда облысы Арай кентінде туған. ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан Республикасының намысын қорғады. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2009 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2010 жылы студенттер арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2011 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.