3 жасар бүлдіршіннің өлімі: Шымкенттегі дәмханада тексеру басталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттегі «Адана» дәмханасында астан уланып, қайтыс болған бүлдіршіннің өліміне қатысты жоспардан тыс тексеру басталды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне сілтемемен ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Комитеттің хабарлауынша, алдын ала тексеру шаралары кезінде қайтыс болған бүлдіршін мен оның анасы жеген астардан бактерологиялық сынамалар алынды. Олардың қатарында сүтті-бананды коктейль мен пиденің салмасы, қолданылған ауыз су бар. Бұдан бөлек тамақтану орнының қызметкерлері де тиісті  тексеруден өткен. Одан бөлек, бүлдіршіннің жанұясы үйлеріне пицца мен сушиге тапсырыс бергені анықталды.

"Бүгінде алынған сынамалардың барлығы зерттеуге жіберілді. Сонымен қатар бүлдіршіннің өліміне байланысты Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мен Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тарапынан арнайы комиссия құрылып, оның құрамына салалық тәуелсіз сарапшылар (балалар жұқпалы аурулар дәрігері, анестезиолог-реаниматолог) енгізіліп отыр. Аталған жайт бойынша Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында тексеру шаралары басталған" делінген хабарламада.