ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында көпқабатты үйдің балконынан үш жастағы қызды құтқарып алған Сәбит Шонтақбаевтың ата-анасына құрмет көрсетілді. Ержүрек жігіттің әке-шешесі Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылында тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, кеше таңертең елордада қызылордалық азамат 8-қабатта терезеден салбырап тұрған бүлдіршінді құтқарып қалған еді.
Бұл оқиғаның видеосы желіде кең тарап, Сәбит Шонтақбаевтың батыл әрекетіне көпшілік тәнті болды.
Сәбит Шонтақбаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында да болып үлгерді. Содан кейін оған елордадан үш бөлмелі пәтер берілді.
Осыған орай Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ерболат Серманов Аққұм ауылына арнайы барды.
Олар батырдың әкесі Серік Сабырұлы мен анасы Гүлбаршын Пірімбетоваға алғыс айтып, осындай ержүрек азаматты тәрбиелеп өсіргені үшін аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Сондай-ақ кеше ТЖМ бірінші вице-министрі, генерал-майор Ибрагим Құлшымбаев батыр азаматты «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады .
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.