3 жыл ішінде мемлекеттік сот орындаушыларының саны үш есе қысқарады - ҚР Әділет министрлігі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда Ұлт жоспары - «100 нақты қадамның» 27-ші қадамын жүзеге асыру аясында алдағы үш жыл ішінде мемлекеттік сот орындаушыларының саны үш есеге қысқарады.

Бүгін Алматыда жеке сот орындаушылары институтын дамыту мәселелері бойынша өткен семинар барысында ҚР Әділет вице-министрі Жанат Ешмағамбетов қазіргі таңда елімізде мемлекеттік сот орындаушыларының саны 1245 адамды құрайтындығын мәлімдеді. 

«Үш жыл ішінде бұл сан 345-ке дейін қысқартылатын болады. Яғни, қалған мемлекеттік сот орындаушылары мемлекеттік мекемелермен және өндіріп алу сомасы - 1000 айлық есептік көрсеткіштен асатын өндіріс бойынша жұмыс істейтін болады», - деді вице-министр.

Сонымен қатар, Ж. Ешмағамбетов Қазақстанда құрылғанына бес жыл ғана болса да, жеке сот орындаушылары институты өзінің тиімділігін көрсеткендігін баса айтты. Оның пікірінше, жеке сот орындаушылары өндіріп алу ісін жүзеге асыруға ынталы келеді. 

«2016 жылдың басына қарай, мемлекеттік сот орындаушыларының өндірісінде алимент өндіріп алу бойынша 266 мыңға жуық іс жатса,  жеке сот орындаушыларының қарамағында 23 мыңдай іс болды. Алимент өндіріп алу бойынша орындалмай жатқан істердің көбісі Астана қаласында тіркелді», - деді Ж. Ешмағамбетов.  

Алматыда бүгінгі таңда 165 жеке сот орындаушылары жұмыс атқарады. Олардың өндірісінде әлеуметтік санат бойынша - 4 мыңға жуық іс, ал әкімшілік айыппұлдар бойынша - 50 мыңдай іс жатыр.

Бұған дейін хабарланғанындай, семинар барысында Республикалық жеке сот орындаушылары Палатасының Халықаралық сот орындаушылары одағына (UIHJ) толыққанды мүше болғандығы туралы меморандумға қол қойылды.