3 жылдық бюджетте маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге жеткілікті қаражат қарастырылған

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Республикалық бюджетте қоғамды алаңдатқан маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге жеткілікті қаражат қарастырылған. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бүгін 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттер туралы және алдағы 3 жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобаларын қарадық. Президентіміз белгілеп берген міндеттерді орындау - мемлекеттік бюджет шығыстарының негізгі басымдығы. Жалпы, бюджет жан-жақты қарастырылып, пысықталған құжат болды деп есептейміз. Бүгін қаралған республикалық бюджеттің жобасында қоғамды алаңдатқан маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге жеткілікті қаражат қарастырылған. Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға қатысты нақты тапсырмалар бергені белгілі. Әсіресе, ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлінуде. Оларды іске асыру – стратегиялық міндет», - деді ол палатаның жалпы отырысында.

Сенат спикерінің атап өтуінше, осыған байланысты «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Жобаны іске асыру үшін алдағы үш жылда шамамен 2,6 трлн теңге бөлінетін болады. Соның нәтижесінде жаңа оқушы орындарының саны 820 мыңнан асуға тиіс.

«Осы арқылы еліміздегі үш ауысымды мектеп проблемасы және бір сыныптағы балалар санының шамадан тыс көп болуы негізінен шешіледі деп сенеміз. Сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді индекстеуге, мұғалімдер мен дәрігерлердің және азаматтық қызметкерлердің жалақысын 25 пайызға арттыруға тиісті қаражат қарастырылды. Жергілікті бюджеттерге жалпы трансферттерді ескерсек, келесі жылы әлеуметтік шығыстар 2 трлн теңгеге, яғни шамамен 20 пайызға өседі. Сонымен қатар біз Ұлттық қордан трансферттер көлемін кезең-кезеңімен қысқартуды да жоспарланып отырмыз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы Мемлекет басшысының шешіміне сәйкес, Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы балалардың жинақтау шоттарына аударылатындығына да тоқталды.

«Аталған төлемдер 2023 жылдың қорытындысы бойынша жүзеге асырылады. Бұл - Ұлттық қор болашақ ұрпақтың қорына айналады деген сөз», - деді жоғары палата спикері.


Соңғы жаңалықтар