Ведомство «Ғылым қоры» АҚ гранттық бағдарламалар аясында өндіріске енгізілген, нарықта сұранысқа ие және өзінің экспорттық әлеуетін дәлелдеген бірегей ғылыми әзірлемелерді іске асырып жатқанын атап өтеді.
- Экспортқа бағдарланған жобалардың 30-ы экспортқа шықты. Бұл ретте 8 жобаның сатылым көлемі 1 млрд теңгеден асты. Отандық тауарлар Ресей Федерациясы, Қытай, Өзбекстан және Грузия нарықтарына жеткізіледі. Экспорттың негізгі көлемі агроөнеркәсіптік кешенге (55%) және химия өнеркәсібіне (45%) тиесілі, - деді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.
Ұсынылған мәліметке қарағанда, олардың қатарында өнеркәсіптік және ауыз суды терең тазартудың отандық жүйелері, ресурстарды қайта өңдеу және қалдықсыз өндіріс технологиялары бар.
Биотехнологиялар және АӨК саласында ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығын арттыруға арналған биологиялық препараттар, отандық селекциялық сорттар, өсімдіктерді қорғау құралдары және жоғары тиімді емдеу-алдын алу жемшөп қоспалары өндіріске енгізілді.
Химия және жаңа материалдар саласында тау-кен өндіру өнеркәсібіне арналған отандық химиялық реагенттер, арнайы жабындар мен композиттік материалдар әзірленіп, патенттелді.
Ғылыми әзірлемелердің шетел нарығына шығуы отандық ғылымның өндіріс пен бизнеске интеграцияланып, коммерциялық өнімге айналып келе жатқанын көрсетеді.
Бұған дейін елімізде ғылыми-инновациялық қызметке инвестициялар тарту жөніндегі ведомствоаралық іс-қимыл жоспары әзірленгенін жазған едік.