«30 игі іс»: Атырау облысында мүгедектерге 36,5 млн теңге тұратын инватакси сыйға берілді
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың айтуынша, Jac Sunray маркалы инватакси «30 игі іс» акциясы аясында сыйға берілген.
«Шағын автобуста 6 жолаушыға арналған орын бар. Ерекше қажеттілігі бар адамдарды қауіпсіз тасымалдауға бейімделген. Бірден екі арбаға арналған арнайы тірекпен, 300 келіге дейін жүкті көтергішпен жабдықталған. Көліктің жалпы құны – 36,5 млн теңге», -дейді Гүлнафис Айшуақова.
Мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы компанияның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Ароновтың айтуынша, инклюзивті ортаны дамытуға ерекше көңіл бөлінген.
«Біздің компания бірнеше жылдан бері «Әлеуметтік инвестициялар» бағдарламасын іске асырып келеді. Биыл «Біз де адамбыз» жобасына демеушілік көрсетіп отыр. Бұл жобаның нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі жандар әлемді жаңаша тануды, қоғам өкілдерімен етене араласуға бейімделеді. Жақында Жылыой ауданында да «Тиімді оңалту лагері» іс-шарасын өткізуді жоспарладық», - дейді Дәрмен Аронов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мүгедектерді оңалтуға арналған орталыққа жаңа жабдықтар алынғанын жазған едік.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, шетелдік компания мүгедектерді оңалтуға арналған 9 түрлі аппаратты сыйға тартқан.
Сондай-ақ, Атырауда мүгедектігі бар адамдар үшін 150 орындық оңалту орталығы салынатынын хабарлаған болатынбыз.