30 қаңтар. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 30 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

64 жыл бұрын (1960) Шығыс Қазақстан облысы Өскемен гарнизоны әскери сотының төрағасы Асқар Жүнісбекұлы ЖҮНІСБЕКОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысында дүниеге келген. Өскемен жол-құрылыс институтын инженер-механик (1983), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін заңгер мамандығы бойынша бітірген (1994).

Еңбек жолы: 1983-1984 жылдары «Аягөз құрылыс-27» трестінің ОӘК инженер-диспетчері, 1984-1993 жылдары Семей облысы Ішкі істер басқармасының Абыралы аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы, қылмыстық іздестірудің жедел уәкілі, жедел уәкілі, кезекші орынбасары, 1993-1997 жылдары Семей облысы Ішкі істер басқармасының Абыралы аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы болып қызмет атқарған. 1997-2000 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Жарма аудандық сотының төрағасы, 2000-2002 жылдары ҚР Жоғарғы Соты Жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің Шығыс Қазақстан облысы соттарының әкімшісі, 2008-2017 жылдары Семей гарнизоны әскери сотының төрағасы болып қызмет етті.

Қазіргі қызметінде 2017 жылдың қазанынан бастап.

Фото: zakon.kz

63 жыл бұрын(1961) «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекциясы» Мемлекеттік мекемесінің басшысы Нығман Құдайбергенұлы ПІШЕМБАЕВ дүниеге келді.

Павлодар облысы Май ауданында туған. Семей зооветеринарлық институтын мал дәрігері, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1983-1984 жылдары Семей облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал дәрігері, 1984-1991 жылдары Павлодар облысы Май ауданы станциясының мал дәрігері, Май ауданы «Белогор» кеңшарында бас мал дәрігері,1991-1997 жылдары Павлодар облысы Май ауданы «Қызыл-Құрама» кеңшарының директоры, Павлодар облысы Май ауданының әкімнің бірінші орынбасары - АӨК-нің департамент бастығы, 1997-2000 жылдары - Павлодар облысы ветеринария комитетінің жетекші маманы, Павлодар ауданы әкімнің бірінші орынбасары - Павлодар облысының Павлодар ауданының ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, 2000-2009 жылдары - Павлодар облысы Ақтоғай ауданының әкімі., 2009-2010 жылдары Павлодар облысы әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. 2010-2013 жылдары Павлодар облысы Май ауданының әкімі болып қызмет етті. 2013-2015 жылдары – Павлодар облысы Ертіс ауданының әкімі қызметінде.

Қазіргі қызметін 2017 жылдан бастап атқарып келеді.

Фото: gov.kz

55 жыл бұрын (1969) ҚР мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәкіржан Пірмұхамедұлы КҮЗИЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Кәсіби-техникалық училищені, Алматы гуманитарлық-экономикалық университетін бітірді.

Еңбек жолы: 1990-1991 жылдары «Ремстройтехника» өндірістік бірлестігінде 5 разрядты ағаш шебері-станокшы, 1991-1992 жылдары «Четыре и К» шағын өндірістік коммерциялық кәсіпорнының шеф-монтаж бөлімінде нұсқаушы, 1992-1993 жылдары «Единство» Шағын мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары, 1993-1996 жылдары «Назигум» шағын жеке кәсіпорнының директоры болып жұмыс істеген. 1996-1999 жылдары «Универсал» АҚ Президенті, 1999-2005 жылдары «Универсал» ЖАҚ директоры, бас директоры, «Бент-Анак» БК бас директоры, 2005-2008 жылдары «Жаркент Крахмал-сірне зауыты» ЖШС бас директоры, 2008-2010 жылдары «Универсал» ЖШС Президенті, бас директорының кеңесшісі, 2016 жылдан бастап «Жаркент Крахмал-сірне зауыты» ЖШС директор кеңесі басқармасының, «Универсал» ЖШС төрағасы болып қызмет атқарған. 2020-2022 жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, 2022-2023 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың қаңтар айынан бері атқарып келеді.

«IMPORT EXPORT AWARD» орденімен (2014); «Ерен еңбегі үшін» медалімен; «Жылдың үздік топ-менеджері» («Best Manager of the Year») халықаралық дипломымен және Құрмет белгісімен (2012) марапатталған. Қазақстан Республикасы Президентінің, «Алтын сапа», «Үздік кәсіпкер» (2007), Алматы облысында да, Қазақстан Республикасында да өндіріс саласындағы «Үздік кәсіпкер» (2007) сыйлықтарына, интеграциялық процестерді дамытуға қосқан жеке үлесі үшін «United Europe» (біріккен Еуропа) халықаралық сыйлығына (2007) ие болды.

Фото: instagram.com/kuziyev_zakirzhan

46 жыл бұрын (1978) Шымкент қаласы прокурорының бірінші орынбасары Нұрғали ЖОМАРТ дүниеге келді.

Шымкентте туған. Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Прокуратура органдарындағы қызметін 2000 жылдың наурыз айында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы прокурорының көмекшісі лауазымынан бастаған. Шымкент қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры, Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының басқарма прокуроры, аға прокуроры, облыс прокурорының көмекшісі лауазымдарын атқарған.
2005-2010 жылдары ҚР Бас прокуратурасында түрлі қызметтерде жұмыс істеді.
2010-2021 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының Аппарат басшысы, Кентау қаласы, Абай және Сарыағаш аудандарының прокуроры лауазымдарын атқарған.

Фото: instagram.com/shymkent_prokuratura

39 жыл бұрын (1985) «QazExpoCongress» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директоры Қуат Төлегенұлы ЖОЛДЫБЕКОВ дүниеге келді.

Абай облысында туған.

Еуразия ұлттық университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша (2007), Семей мемлекеттік университетін «Экономика» мамандығы бойынша (2009), Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы KDI School of Public Policy and management оқу орнын экономика және бизнес магистрі біліктілігі бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2007-2008 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сарапшысы, 2008-2011 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің сарапшысы, 2011-2013 жылдары Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау орталығының стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуді және іске асыруды бағалау секторының сектор меңгерушісі, аға сарапшысы, 2013-2014 жылдары ҚР Өңірлік даму министрлігі Өңірлердің жүйелік проблемаларын талдау департаменті директорының орынбасары болып жұмыс атқарған. 2014-2016 жылдары ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі, штаттан тыс кеңесшісі қызметінде болды. 2016-2020 жылдары «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, Басқарушы директоры - Басқарма мүшесі, 2020 жылы Дүниежүзілік Банктің жобаны басқару тобының жетекшісі, 2020-2021 жылдары «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ инвестициялық жобалар жөніндегі Қоғамдық комиссиясының төрағасы, 2021 жылы «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ Маркетинг және инвестициялар тарту департаментінің директоры болып қызмет атқарды. 2022 жылдан бастап – BIO-LINE Group компаниясының басқарушы директоры, коммерциялық директоры. 2022 жылғы 12 желтоқсанда «QazExpoCongress» ҰК» АҚ тәуелсіз директоры болып сайланды (ҚР Сауда және итеграция министрлігінің 12.12.2022 ж. № 476 - НҚ бұйрығы).

Фото: qazexpocongress.kz

110 жыл бұрын (1914-1937) жазушы, журналист Саттар ЕРУБАЕВ дүниеге келген.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында туған. Алдымен ауыл молдасынан ескіше сауат ашқан. Түркістан жеті жылдық мектебін бітіріп, сонда аудандық комсомол комитетінде біраз уақыт қызмет істеген. Алматыдағы жоғары оқу орындарына түсуге даярлайтын арнайы курсты, Ленинградтың тарих-философия-лингвистика институтын бітірген. 1933 жылы «Орыс неоромантизмі және қазақтың ұлттық әдебиеті» деген тақырыпта диплом қорғап, аспирантурада қалдырылды. Бірақ, Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің арнайы шақыртқан телеграммасымен елге оралды.

Алдымен «Ленинская смена», кейіннен «Лениншіл жас» газетінде әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Мұнымен қатар, Алматыдағы жоғары ауыл шаруашылығы мектебінің философия кафедрасында ассистент болып, лекция оқыды. Біраз уақыт «Лениншіл жас», «Қарағанды пролетариаты» газеттерінде жауапты редактордың орынбасары болды. Өзінің болашақ романы – «Менің құрдастарымның» материалын осы кезеңде дәл осы жердегі өмірден жинақтаған.

Қазақстан жазушылары одағының I съезіне делегат болып қатысып, одақтың мүшелігіне алғаш қабылданғандардың бірі. 1935 жылы Алматыға оралып, Ленинград университетінің аспирантурасына түсуге дайындалды. Толық аяқтап үлгермегенмен, «Менің құрдастарым» романымен, көркем әңгіме, новеллаларымен прозашы ретінде, суреттеме-очерк, мақалалары арқылы – публицист, өлең-жыр, балладалары, эпиграмма, пародиялары арқылы – ақын ретінде ол туған әдебиеті тарихынан өз орнын алды. 1966 жылы «Менің құрдастарым» романы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді.

Фото: odb-abai.kz/ru/erubaev-sattar/