30 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2018 жылғы 30 қазанға арналған «Атаулы күндер» мен «Оқиғалар» күнтізбесін ұсынады.


30 қазан. СЕЙСЕНБІ

Халықаралық ортопедия мейірбикелерінің күні

Халықаралық ортопедия мейірбикелерінің күні - 1990 жылы Ортопедия мейірбикелерінің ұлттық қауымдастығының қолдауымен кәсіби мереке ретінде алғаш рет АҚШ-та аталып өтті. 2001 жылы халықаралық мәртебеге ие болып, оны атап өтуге Ұлыбритания, Канада, Мальта мен Гонконг мемлекеттері қосылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1993 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес елдердің мемлекет және үкіметтер басшыларының кеңесіне қатысу үшін Түркия астанасы Анкараға барды. Кеңеске Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері қатысты.

2007 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінде Еуропарламент депутаты, Еуропарламентте «Еуропалық Халық партиясы және Еуропалық демократтар» атты ірі саяси фракция төрағасының орынбасары Струан Стивенсонның «Вечная скорбь» кітабының орыс тіліндегі аудармасы таныстырылды. Аталған кітапты автор Семей ядролық полигонындағы сынақтардың құрбандарына арнаған. Әйгілі ағылшын жазушысы Роберт Стивенсонның немересі Струан Стивенсон мен Голливуд киножұлдызы Кимберли Джозеф полигоннан зардап шеккен қазақстандықтардың тағдырынан хабардар. Олар 1999 жылы Семей өңірінде болып қайтқан.

2011 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Ханойға барды. Сапар барысында Вьетнам президенті Чыонг Тан Шангпен кездесіп, Хо Ши Мин кесенесінде, ұлттық батырлар монументінде, сондай-ақ әдебиет ордасында болды.

2012 жылы Алматыда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Ұжымдық пайдалану орталығы» ғылыми зертханасы құрылды.  Зертхананы құру мақсаты - адам геномы, протеомика және фармакогенетиканы зерттеу, Қазақстанның инновациялық көшбасшы ретінде мәртебесін бекіту және инновациялық орта мен ғылыми әлеуетті қалыптастыру. 

2012 жылы Гаагада химиялық қаруды қолдануға тыйым салу ұйымында  АТОМ жобасының тұсаукесері өтті. АТОМ жобасының мақсаты  - әлемді ядролық қару сынақтарына қарсы  күреске біріктіру және ядролық қару негізінде жатқан ғаламдық  қауіп-қатер диалогын  жандандыру; ядролық қару сынақтарын түбегейлі тоқтату үшін әлем көшбасшыларына ықпал ету;

әлем қоғамдастықтарының назарын радиоактивтік материалдардың бөтен қолға түспеуіне, оның қорғалуын қамтамасыз етуге аудару.

2013 жылы Астанада аффинажды зауыт салынды.

2017 жылы «Баку-Тбилиси-Карс» (БТК) теміржол бағытының ашылу рәсімі өтті.  БТК желісі ресми түрде Аляты ауылындағы портта (Бакуден 90 км жер) ашылған болатын. Салтанатты шараға Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан, Өзбекстан және Грузия Премьер-Министрлері Бақытжан Сағынтаев, Абдулла Арипов және Георгий Квирикашвили қатысты. Баку-Тбилиси-Карс теміржол бағыты әзербайжан-грузин-түрік мемлекетаралық келісімінің негізінде салынған.

Жобаны жүзеге асыру 2008 жылы басталды. Жоба аясында Грузияның Ахалкалаки станциясынан Карс қаласындағы теміржол станциясына дейін теміржол желісі салынған болатын. БТК-ның ұзақтығы 826 шақырымды құрайды.

2017 жылы Алматыдағы Ғылым ордасындаТүркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) түркология ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан әйгілі ғалымдар Әбдуәли Қайдар, Рабиға Сыздық, Шора Сарыбайды арнайы алтын медальдармен марапаттады.

Сонымен қатар, жиын барысында Әбдуәли Қайдардың «Ұйғыр тілі лексикасының дамуы» және «Қазіргі ұйғыр әдеби тілінің дамуы», түріктанушы Әмір Нәжіптің «ХІҮ ғасыр түркі тілдерінің тарихи салыстырмалы сөздігі. Құтыптың Құсрау Шырын еңбегі негізінде» атты 4 томдығы және «Жойылуы қаупіндегі Түркі тілдері» 4 томдық ғылыми басылымның тұсаукесері өтті.