АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық ортопедея медбикелері күні
Атаулы күннің тарихы АҚШ-тан бастау алады. Бұл кәсіби мереке алғаш рет 1990 жылы Ұлттық ортопед мейіргерлер қауымдастығының қолдауымен аталып өтті. Ал 2001 жылы Ұлыбритания, Канада, Мальта және Гонконг мерекеге қосылып, оның ауқымы халықаралық деңгейге жетті.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
2006 жылы Қазақстанда жоғары сатыдағы өсімдіктер мен омыртқалы жануарлардың негізгі түрлері қамтылған атлас жарық көрді. Атласқа балықтың 9, құстың 54 және сүтқоректілердің 18 түрі енгізілді. Негізгі түрлер қатарына сирек кездесетін және жойылып бара жатқан, түрлі деңгейдегі Қызыл кітаптарға енген өсімдіктер мен жануарлар, сондай-ақ ресурстық және кәсіптік маңызы бар түрлер жатады. Олардың барлығы адам назарын ерекше аударып, қорғауды қажет етеді. Атласта сирек кездесетін, жойылып бара жатқан, Қызыл кітапқа енген және қорғауды қажет ететін түрлер туралы мәлімет берілген. Әр түрдің таралу аймағы, мәртебесі, сыртқы сипаты мен тіршілік салты сипатталып, суреті қоса ұсынылған. Атлас Қазақстанның сулы-батпақты алқаптарындағы биоалуантүрліліктің маңызы мен оны сақтаудың қажет екенін көрсетеді.
2007 жылы Еуропарламент депутаты Струан Стивенсон Семей ядролық полигоны туралы «Мәңгілік қасірет» атты кітап шығарды. Еңбек оның Семей өңіріне жасаған сегіз сапарының нәтижесінде жазылған. Кітаптың мақсаты – ядролық сынақтардан зардап шеккен жергілікті халықтың мәселелеріне әлем жұртшылығының назарын аудару.
2012 жылы Алматыдағы С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы инновациялық молекулалық-генетикалық зертхана – Ұжымдық пайдалану орталығы ашылды.
Зертхананың мақсаты – адам геномын, протеомика мен фармакогенетиканы зерттеу, Қазақстанның инновациялық көшбасшы ретіндегі орнын нығайту және ғылыми әлеуетін арттыру.
2012 жылы Гаагадағы Химиялық қаруға тыйым салу ұйымында АТОМ жобасының тұсаукесері өтті.
АТОМ жобасы – ядролық қару сынақтарына біржола тыйым салу үшін әлем жұртшылығының күш-жігерін біріктіруге бағытталған халықаралық науқан. Жоба атауы ағылшын тіліндегі төрт сөздің алғашқы әріптерінен құралған және «Сынақтарға тыйым салу – біздің миссиямыз» деген мағынаны білдіреді.
2012 жылы Астанадағы «Қазмедиа орталығында» Қазақстан Журналистер одағы басқармасы мен Бас редакторлар клубының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасы журналистерінің этикалық кодексі қабылданды. Құжат сегіз баптан тұрады және журналист қызметінің негізгі қағидаларын қамтиды.
2014 жылы Түркиядағы «Пашакуле» мәдени-ағарту орталығының өкілдері күйші Қазанғаптың 160 жылдығына арналған іс-шараларға қатысу үшін Ақтөбеге арнайы келді.
– Измирде 300-ден астам қазақты біріктіретін қазақ-түрік мәдени орталығы бар. Сол орталық жетекшісінің өтінішімен Қазанғап туралы барлық материалды жинап, Түркияға алып кету үшін келдік. Сондай-ақ композитордың белгілі және бұрын белгісіз болған күйлерін жазып алып, оларды қазақ диаспорасына таныстырғымыз келеді, – деді «Пашакуле» орталығының жетекшісі Ердал Ертан.
2017 жылы «Баку – Тбилиси – Карс» теміржол бағытының ашылу рәсімі өтті. Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің маңызды бөлігі саналатын бұл теміржол Қазақстанға Қара және Жерорта теңіздеріне шығатын жаңа бағыттарды ашады. Ашылу салтанатында символдық «Алтын шеге» қағылып, теміржол бағыттамасы ауыстырылды және мемориалды тақта ашылды.
2017 жылы Алматыдағы Ғылым ордасында Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) түркітану ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан академиктер Әбдуәли Қайдар, Рабиға Сыздық пен Шора Сарыбайды арнайы медальмен марапаттады. Марапаттау рәсімі «Рухани жаңғыру: ғалымдар мұрасы» тақырыбындағы дөңгелек үстел аясында өтті.
2018 жылы Digital Bridge халықаралық инновациялық форумында Қазақстандағы цифрландыру саласындағы алғашқы марапат – Digital Bridge Awards табысталды.
Марапаттың мақсаты – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында жобалар әзірлейтін отандық компанияларды, мемлекеттік органдар мен жергілікті басқару ұйымдарын цифрлық трансформациядағы жетістіктерге ынталандыру. Сыйлық «Үздік цифрлық бастама», «Үздік цифрландыру кеңсесі» және «Үздік IT-компания» аталымдары бойынша беріледі.
2024 жылы Астанада үш мыңнан астам домбырашы Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйін бір мезетте орындап, Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енді. «Нағыз қазақ – домбыра» атты ауқымды шара жеңіл атлетикаға арналған «Qazaqstan» спорт кешенінде өтті. Онда елордалық домбыра үйірмелерінің үш мыңнан астам қатысушысы әйгілі күйді бірге орындады.
2025 жылы Димаш Құдайберген 2026 жылы көрерменге жол тартатын «Voice Beyond Horizon» атты жаңа жобасын таныстырды. Жоба аясында ол Hunan TV телеарнасымен бірлесіп, әлемнің сегіз елінен әншілерді Қазақстанға шақырды. Олар Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениеттерді ән арқылы тоғыстырып, музыкалық сапарға аттанды. Қатысушылар 22 күнде 7 436 шақырым жол жүріп, Қазақстанның төрт қаласы – Түркістан, Ақтау, Алматы және Астанада болды.
2025 жылы Италия астанасы Римдегі Villa Grazioli саябағында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының бюсті ашылды. Рәсімге ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Италияның зиялы қауым өкілдері қатысты. Министр Абай бейнесінің Римде бой көтеруі Қазақстан мен Италия арасындағы рухани байланыстың символы әрі халықтар достығын нығайтатын мәдени диалогтың жалғасы екенін атап өтті.