30 қыркүйек. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 30 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
91 жыл бұрын (1934) жазушы-публицист, ақын, аудармашы, Қазақстан мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер Сарбас АҚТАЕВ дүниеге келді.
Көкшетау облысының Көкшетау ауданындағы Жылымды ауылында туған. Орта мектепті бітіргеннен кейін аудандық «Колхоз жолы» газетінде жауапты хатшы болып қызмет атқарды. 1957 жылы Қарағанды педагогика институтын бітіріп, сегіз жылдық мектепте бір жылдай ұстаздық еткен. 1958 жылы Көкшетау облыстық газетінің редакциясына қызметке ауысқан ол содан бері баспасөз саласында үзбей еңбек етіп келеді. Республикалық саяси сықақ журналы «Ара»-«Шмель» редакциясында фельетоншы, Алматы облыстық «Жетісу» газетінде бірқатар жыл редактордың орынбасары, бірінші орынбасары, он жеті жыл бойы «Егемен Қазақстан» газеті редакторының орынбасары, «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы, «Ақиқат» журналының бас редакторы болып қызмет еткен. Әдебиеттегі алғашқы қадамын өлеңмен бастаған ол әдебиеттің әр саласына атсалысып келеді. Ш. Уәлиханов атындағы университеттің Құрметті профессоры. Оның аударуында Сетон Томпсон мен М. Шолоховтың әңгімелері, В. А. Обручевтің «Жұмбақ жер», Н. И. Ановтың «Ән қанаты», А. Джапар Заденің «Отаныңа орал», А. Камюдің «Оба» және «Бөгде», Булгаковтың «Ақ гвардия» және «Майталман шебер мен Маргарита» романдары мен Р. Фраерманның «Түз тағысы Динго» повесі, Мамин-Сибиряктың әңгімелер мен повестер жинағы, т. б. жеке-жеке кітап болып шықты.
Екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен, екі мәрте Қазақ КСР Құрмет грамотасымен марапатталған. Бірнеше мәрте Қазақстан Журналистер одағы сыйлығына ие болған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Парасат» орденінің және «Баспасөз үздігі» атағының иегері.
58 жыл бұрын (1967) қазақстандық ғалым, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Талғат Сейтжанұлы НҰРҒОЖИН дүниеге келді.
1992 жылы Томск мемлекеттік медициналық университетінің әскери-медицина факультетін бітірді.
1986-1988 жылдары КСРО-ның Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеді. 1993-1997 жылдары С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетінің фармакология кафедрасының ассистенті, ал 1997-1998 жылдары сол кафедраның аға оқытушысы қызметін атқарды. 1999 жылы фармакология, клиникалық фармакология мамандығы бойынша докторлықты қорғады. 2006 жылы профессор атағын алды. 2006-2009 жылдары Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының ұйымдастырушылық-экономикалық жұмыстар бойынша және клиникалық қызмет бойынша проректор, сондай-ақ клиникалық фармакология кафедрасының профессоры қызметінде болды. 2009 жылдан — Денсаулық сақтауды дамыту институты директорының орынбасары, 2010-2011 жылдары Ұлттық медицина холдингінің басқарушы директоры болды. 2011 жылдан Трансляциялық медицина, ұзақ өмір сүру және жаhандық денсаулық сақтау департаменті директоры, ал 2015 жылдан Назарбаев Университетінің эксперименттік және клиникалық фармакология институтының басшысы және Өмір туралы ғылымдар орталығының директоры қызметтерін атқарды. 2017-2022 жылдары C.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры қызметін атқарған.
«Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Денсаулық caқтау іcінің үздігі» (2017), «Қазaқстан Конституциясынa 25 жыл» (2020) медальдарімен, «Қазaқстан Республикасы денсаулық caқтау іcінің үздігі» (2005) төсбелгісімен марапатталды.
46 жыл бұрын (1979) «Nur.kz интернет-порталы» ЖШС директоры Қуат БАХРИДИНОВ дүниеге келген.
Ол «Әділет» Жоғары құқық мектебін және магистратураны құқықтану мамандығы бойынша бітірген, сондай-ақ Амстердам университетінің Құқық мектебін тәмамдаған.
Қызмет жолын «Филип Моррис Казахстан» ААҚ-да құқықтық мәселелер бойынша маман болып бастаған. 2007-2008 жылдары «Caspian Gas Corp.» компаниясында құқықтық мәселелер бойынша вице-президент, «G-media» АҚ-да, «Alem Communications Holding» ЖШС телекоммуникация холдингінде басшылық қызметтерде болған. 2011-2014 жылдары «DigitalTV» ЖШС бас директор лауазымында қызмет еткен. 2014-2016 жылдары «ЭРА» Телекомпаниясы» ЖШС («Жетінші арна») бас директоры қызметін атқарған.
Қазіргі қызметінде — 2016 жылғы шілдеден бері.
42 жыл бұрын (1983) ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Гаухар Асылбекқызы БӨРІБАЕВА дүниеге келді.
2004 жылы Қазақ Мемлекеттік заң университетін «Заңгер» мамандығы бойынша, 2005 жылы Лондондағы The London College UCK колледжін Бизнес менеджменті магистрі дәрежесімен (Лондон, Ұлыбритания), 2006 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Қаржы» мамандығы бойынша, 2021 жылы Ресей Федерациясының Президенті жанындағы Ресейлік халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын бітірді.
Еңбек жолы: 2003-2004 жылдары Оңтүстік Кореяның GreenIntegratedLogisticsCo.LTD көлік компаниясының менеджері, 2005-2006 жылдары ҚР Ауылшаруашылық министрлігі «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ қаржылық мониторинг бойынша бас маманы, 2006-2009 жылдары «Қазақстан даму банкі» АҚ жобалық дирекциясының бас фронт-менеджері, жобаларды несиелеу департаментінің бас менеджері, 2009 жылы «Самұрық–Қазына Инвест» ЖШС Инвестициялық жобаларды басқару департаментінің бас менеджері қызметінде болды. 2009-2010 жылдары «Альянс Банк» АҚ корпоративтік бизнес бөлімінің бас менеджері, 2010-2011 жылдары «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Жобалық Дирекциясы жетекшісінің орынбасары, 2011-2013 жылдары «Көліктік логистиканы дамытудың ұлттық орталығы» АҚ (қазіргі уақытта «ҚТЖ Express» АҚ) атқарушы директоры, 2013 жылы Көлік логистикасын дамыту орталығының филиалы «ҚТЖ» ҰК» АҚ стратегиялық және аналитикалық зерттеулер бөлімінің бастығы, 2013-2017 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің ведомстволық бағынысты мекемесінде қаржы және экономикалық мәселелер жөніндегі вице-президенті қызметін атқарған. 2017 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ әкімшілік департаментінің директоры, 2017-2018 жылдары «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарушы директоры, 2018-2019 жылдары «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары лауазымын атқарған.
2024 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
41 жыл бұрын (1984) Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Нұрболат Серікұлы ДҮЙСЕНБАЕВ дүниеге келді.
Қазақ гуманитарлық-заң университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек өтілі: Қызылорда қаласы прокурорының көмекшісі (2005); Қызылорда қаласы прокурорының аға көмекшісі; Департамент прокуроры, департаменттің аға прокуроры, Қызылорда қалалық прокуратурасының бөлім бастығы, Қызылорда облысы прокуратурасының бөлім бастығы, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық саланы қадағалау департаменті басшысының орынбасары; Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының прокуроры (2016-2019); Қызылорда облысы Шиелі ауданының прокуроры (2019-2022).
2022 жылдың шілде айынан бері қазіргі қызметінде.
33 жыл бұрын (1992) Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Рахатұлы ЖҰМАҒҰЛОВ дүниеге келді.
Алматы облысында туған. 2015 жылы КИМЭП (іскерлік әкімшілендіру), 2017 жылы С. Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ (заң ғылымдарының магистрі), 2020 жылы Назарбаев Университетін (Мемлекеттік басқару магистрі) бітірген.
Еңбек жолы: 2013-2015 жылдары Алматы қаласындағы «Вариант Люкс» ЖШС директорының қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары, 2015 жылы «Астана — жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының әкімшілігі департаменті» мемлекеттік мекемесінің қызметкері, 2015-2016 жылдары «Астана қаласының Инвестициялар және даму басқармасы» ММ инновациялық және инвестиция бөлімі бас маманы м.а, 2016 жылы «Астана қаласының Инвестициялар және даму басқармасы» ММ инновациялық және инвестиция бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарған. 2016-2017 жылдары Астана қаласы әкімдігінің «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ басшысының орынбасары, 2017-2018 жылдары Астана қаласы әкімдігінің «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ басшысы, 2018 жылы «Астана қаласының Әлеуметтік даму басқармасы» ММ басшысы орынбасарының м.а, 2018-2019 жылдары «Астана қаласының Қоғамдық даму басқармасы» ММ басшысының орынбасары, 2020 жылы «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» ММ басшысы орынбасарының м.а лауазымын атқарған. 2020-2022 жылдары «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты» ММ басшысының орынбасары, 2022-2023 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы «Сарыарқа» ауданының әкімі, 2023-2024 жылдары Астана қаласы «Нұра» ауданының әкімі қызметін атқарған.
2024 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
141 жыл бұрын (1884-1940) Алаш қозғалысының қайраткері Ыбырайым ЖАЙНАҚОВ дүниеге келді.
Жетісу облысы Верный уезінде туған. Верный ерлер гимназиясын бітірген. Жетісу облысы басқармасында тілмаштық қызмет атқарған. 1911 жылы 21 қазанда Жайнақовтың бастамасымен Жетісу облысының болыстары және құрметті ақсақалдарының кеңесі өтіп, онда облыс әкімшілік пен қоныстандыру басқармаларының іс-әрекеттері жөнінде және саяси іздестіру бөлімдерінің облыстағы көшпелі халықтың ісіне араласпауы туралы Ресей империясының астанасы Санкт-Петербургтегі Мемлекеттік дума мүшелеріне өтініш айтып, өкілдер жіберу мәселесі шешілді. Нәтижесінде көрнекті қазақ зиялыларының бірі Барлыбек Сыртанов Санкт-Петербургке барып, Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясы мүшелеріне Жетісудағы жергілікті халықтың өтініш-тілектерін білдіріп қайтты. Жайнақов Бүкілресейлік мұсылмандар съезінің даярлануына және өтуіне ат салысты. Ол Ресей патшасының 1916 жылғы 25 маусым жарлығына байланысты шиеленіс туындаған жағдайда халықтың көтеріліске шықпауын жақтады. 1916 жылы 14 шілдеде Верный қаласында Үлкен Алматы болыстығына қарасты жергілікті халық өкілдерінің мәжілісін ұйымдастырушылардың бірі ретінде халықтың көтеріліске шығып босқа қырылмауын, мәселенің бейбіт түрде шешілуін халыққа түсіндірді. Жайнақов 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін елдегі қоғамдық-саяси өзгерістерге белсене араласты. Жетісу облысы қазақ комитетінің төрағасы болып сайланды. 12-23 сәуірде 81 делегат қатысқан Жетісу облысы қазақ І съезін даярлап өткізуге көп еңбек сіңірді, съезге төрағалық етті. 1917 жылы 19 шілдеде Уақытша үкіметтің Жетісу облыстық комиссарының орынбасары болып тағайындалды. 1917 жылғы І, ІІ жалпықазақ съездерінің жұмысына белсене араласты. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына Жетісу облысынан депутаттыққа ұсынылды. 1917 жылы шілде, тамыз айларында Ә. Бөкейханов, М. Шоқаев, Ж. Досмұхамедов, Х. Досмұхамедовтермен бірге Жайнақов Челябі қаласында өткен Сібір үкіметі мен Құрылтай жиналысының мүшелері комитетінің мәжілісіне қатысты. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысынан кейін босқыншылыққа ұшырап, Қытайға ауған Жетісудың жергілікті қазақ және қырғыз халықтарын Отанына қайтару, оларға көмек көрсету, ашаршылыққа тап болған Жетісудың жергілікті халықтарын азық-түлікпен қамтамасыз ету, қоныс аударушылар мен жергілікті халықтың арақатынасын реттеу ісіне қазақ және қырғыз зиялыларымен бірге ат салысты. 1918 жылы 10-31 тамыз аралығында Лепсі қаласында өткен Жетісу облысы қазақтарының ІІ съезіне төрағалық етті, съезге жиналғандарға қазақ және қырғыз тілдерінде облыстық газет шығаруды ұсынды. Большевиктер билік басына келіп, елдегі қоғамдық-саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты Жайнақов Жетісудағы Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерімен бірге Қытайға қоныс аударып, сол жақтан большевиктерге қарсы қарулы қарсылық ұйымдастыру әрекеттерін қолдады.