30 қыркүйек. Жылнама

Коллаж: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 30 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады. 

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстанда Әділет органдары қызметкерлерінің күні

Әділет органдары қызметкерлерінің күнін атап өту Мемлекет басшысының 2012 жылдың 20 қазанындағы № 164 Жарлығымен белгіленген болатын.

Дүниежүзілік аударма күні (Аудармашылар күні)

1991 жылы Халықаралық аудармашылар федерациясы (FIT) 30 қыркүйекті Халықаралық аудармашылар күні деп жариялады.

Халықаралық подкаст күні

Подкаст — интернет медиа кеңістігіндегі танымал форматтардың бірі. Терминді алғаш рет британдық интернет-технолог және журналист Бен Хаммерсли енгізген. Әзірлеуші ​​Дэйв Вайнерден RSS технологиясы арқылы аудио файлдарды автоматты түрде жүктеп алуға мүмкіндік беретін бағдарламаны алғаш рет 2004 жылы бұрынғы MTV виджейі Адам Керри пайдаланған. Ол жасаған подкасттарды компьютерге немесе кейінірек тыңдау үшін плеерге жіберуге болатын еді.

Халықаралық подкаст күнін белгілеу идеясын 2014 жылы америкалық Стив Лид ұсынды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1919 жылы Кирревкомның мәжілісінде әскери-революциялық комитеттің мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының әділет басқармасын құру қажеттілігі туралы баяндамасы тыңдалып, Кирревком әскери-революциялық комитет жанындағы әділет басқармасын құру туралы қаулы қабылданды. Қырғыз (Қазақ) революциялық комитетінің жарлығымен әділет бөлімі құрылды.

1920 жылы «Мысль» республикалық қоғамдық-саяси журналының алғашқы саны жарық көрді. Әр жылдары журнал әртүрлі атаулармен шыға бастады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін журнал «Мысль» деп аталды. Басылым беттерінде шолулар, мақалалар, саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру туралы очерктер, Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа жолдаулары және т. б. жарияланып тұрды. Сыбайлас жемқорлыққа, қылмысқа, нашақорлыққа қарсы бағытталған материалдар үнемі шыққан. Әсіресе, экономика және құқық саласындағы ғалымдардың мақалалары ерекше орын алады. Қазақ тілі, мәдениеті, тарихы, дәстүрлері мәселелеріне көп көңіл бөлінді.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жастар үшін Мемлекеттік «Дарын» сыйлығын тағайындау туралы қаулы қабылдады.

1996 жылы Қазақстан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы Шарт мәтініне қол қойды.

2011 жылы Ақтауда қала күніне орай «Ынтымақ» орталық алаңында Құрманғазыға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Атқа отырған күйшінің мүсіні таза қоладан жасалған. Тұғырымен қоса есептегенде, ескерткіштің жалпы биіктігі — 11,7 метр. Ескерткіштің авторы — танымал мүсінші Көшер Байғазиев.

2011 жылы Қазақстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Польша және Германия теміржол ведомстволарының өкілдері Чунцин қаласында (Оңтүстік-Батыс Қытай) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжаттың мақсаты — Чунцин-Синьцзян-Еуропа теміржолында тұрақты қозғалыс ашу және жаңа еуразиялық құрлықтық «көпірдің» бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ынтымақтастықты жандандыру. Теміржол Чунциннен басталып (Оңтүстік-Батыс Қытай), Алашанькоу стансасында (ҚХР СҰАА) Қазақстанның теміржол магистралімен жалғанады. Содан кейін Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша аумақтары арқылы Германиядағы Дуйсбургпен қосылады.

2013 жылы «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігі мен Испанияның «EFE» халықаралық ақпарат агенттігінің арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

«ЕҒЕ» — Associated Press, United Press International, Thomson Reuters және Agence France-Presse сияқты агенттіктермен қатар халықаралық ақпарат агенттіктерінің «үлкен бестігіне» кіретін испан тіліндегі әлемдегі жетекші ақпараттық-жаңалықтар агенттігі. Агенттіктің өз жаһандық тілшілер желісі бар, онда оқиғаларды әлемнің 120 елінен тәулік бойы жариялауға мүмкіндік беретін 3 000-нан астам мамандар жұмыс істейді.

2013 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Испания Корольдігі Үкіметінің Төрағасы Мариано Рахойға Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тұтқындалған, Қарағанды концлагерінде ұсталған 152 испандық әскери тұтқынның мұрағат құжаттарын тапсырды. Олар Испанияның жекелеген азаматтарына туыстарының тағдыры туралы білуге мүмкіндік береді.

2014 жылы Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Ватикан мұрағатынан табылған туындылардың фотокөрмесі ашылды. Ватикан мұрағатынан Қазақстан тарихына қатысты баға жетпес деректер табылды. Құнды жәдігерлерді Италия елінің Рим қаласына барған ғылыми-зерттеу тобы анықтады. Зерттеу жұмыстары Ватикан мемлекетінің мұрағаттары мен кітапханаларында жүргізілген. Екінші зерттеу тобының құрамында Колумбия университетінің тарих ғылымдарының профессоры Рафис Абазов пен «Қазақстан тарихы мен әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының оқытушысы Кармине Барбаро болды. Тарихшы профессор Рафис Абазовтың айтуынша, зерттеу барысында Ватиканның құпия мұрағатынан қазіргі Қазақстан территориясы бедерленген 6 бірегей карта мен XIII–XV ғасырларда Рим папасының түрік қағанына жазған хаты табылған. Карта 1684 жылы жасалған.

2015 жылы ҚР Ұлттық кітапханасының Көрме залында Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорынан Исламның ұлы ғалымдары еңбектерінің кітап көрмесі ашылды. Бұл шара «Алматы — Ислам мәдениетінің астанасы-2015» бағдарламасы аясында өтті. Көрмеде XII–XVIII ғасырлардағы Құранның ежелгі қолжазбалары, XVI ғасырдағы Сүлеймен Бақырғанидің «Хикметтері», Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Джами, Физули сынды шығыс авторларының ислам діні мен поэзиясына арналған қолжазбалары қойылған. Қолжазбалар мен кітаптар шағатай, араб және парсы тілдерінде ұсынылды.

2016 жылы KazSTSat жобасы Гвадалахара қаласында (Мексика) өткен Халықаралық астронавтика конгресінде (ХАК-2016) үздік деп танылды. «Шағын ғарыш аппараттары» сессиясының барлық қатысушыларын KazSTSat Earth жерді қашықтықтан зондтау серігі, жобалау, құрастыру және сынау процестері қатты қызықтырды. Сондай-ақ, толық жобаланған, құрастырылған және қазақстандық инженерлер сынақтан өткізген көпфункциялы борттық компьютер, эксперименттік оптикалық камера және күн сенсоры сынды технологиялық пайдалы жүктемелер үлкен әсер қалдырды.

2017 жылы Шымкентте Қазақстанның рекордтар кітабының «КИнЭС-2017» (Гиннестің рекордтар кітабының қазақстандық аналогі) жаңа рекорды тіркелді. Наурыз алаңында «Алтын дән» компаниясы 1 136 кг бауырсақ әзірледі. Оларды дайындау үшін 750 кг ұн, 400 литр май, 60 кг қант және 150 литр сүт қажет болды. Барлығы 10 қазанда дайындалды. Салмақ арнайы таразымен өлшенген. Рекорд жай ғана жасалып қоймай, арнайы комиссия да тіркелгенін растайтын сертификатты Шымкент қаласының басшысы Ғабидолла Әбдірахымов чемпиондарға табыс етті.

2018 жылы Ташкентте қазақ халқының бірігуіне үлкен үлес қосқан және бауырлас халықтар арасындағы достықты жариялаған ұлы қазақ судьясы, қоғам қайраткері Төле бидің 355 жылдығы кеңінен аталып өтті. Іс-шараға Қазақстан мен Өзбекстанның зиялы қауым өкілдері, жергілікті қазақ диаспорасы және Түркістан облысынан арнайы келген делегация қатысты.

2019 жылы VI Баку халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында М. Ф. Ахундов атындағы ұлттық кітапханада Қазақстан халқының тарихы мен мәдениеті, оның салт-дәстүрі, экономикадағы, саясаттағы, әлеуметтік саладағы жетістіктері, классикалық және қазіргі заманғы проза мен поэзияның әдеби байлығы туралы білімді таратуды мақсат еткен Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды.

2020 жылы қазақстандық өнертапқыштар Еуразиялық патенттік ұйымының «Өнертапқыштық және патенттік іске қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапатталды.

2021 жылы ақын, жазушы, публицист, журналист, аудармашы және Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы Қасым Аманжоловтың сирек кездесетін фотосуреттері мен құжаттары Қазақстанның ұлттық мұрағат қорын толықтырды. Құжаттар негізінен түпнұсқада, қолмен, машинкамен басылған нұсқаларда, газет басылымдары, сызбалар, альбомдар және фотосуреттер түрінде ұсынылған.

Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына орай Қарағанды ​​облысының мемлекеттік мұрағаты жеке мұрағаттағы құжаттарға ғылыми-техникалық өңдеу жұмыстарын жүргізіп, «Өмірін өлеңмен өрнектеген» фотоқұжаттық көрме ұйымдастырып, ақын туралы бейнероликті көпшілік назарына ұсынды.

2023 жылы Таразда алғаш рет Киіз Fest фестивалі өтті. Ұлттық қолөнер өнерін жаңғыртып, ата-бабаның шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған фестивальге 12 топ қатысты. Олар қазылар алқасына өз бұйымдарын, оларды жасау әдістері мен тәсілдерін көрсетіп, материалмен жұмыс істеу ерекшеліктері туралы баяндап берді. Қазақ халқы киізден жасалған бұйымдардың қадірін біледі — қазақтың көптеген салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары осы бұйымдармен байланысты. Бұл бұйымдарды жасау техникасы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалған.

2024 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің 30 жылдығына арналған пошталық марканың тұсауы кесілді. Марка ел тарихын сақтайтын өмірлік маңызы бар құжаттар арқылы өткен мен болашақтың байланысын көрсететін мәдени мұраны сақтауды және қоғамға қызмет етуді білдіреді. Бұл марканың шығарылуы Қазақстан мұрағатшыларының еңбегіне деген терең құрметтің белгісі, өйткені ол мұрағатқа арналған алғашқы қазақстандық пошта маркасы.

2024 жылы қазақстандық мектеп оқушылары Грекияда өткен робототехника бойынша FIRST Global Challenge чемпионатында 190 ел арасынан жеңіске жетті. Осы жеңісімен Қазақстан командасы үш жыл қатарынан чемпиондық атағын сақтады. Біздің команда құрамында Алматы ұлттық физика-математика мектебінің оқушылары: Ердәулет Түргенбаев, Әлфия Байжақып, Нұржан Көкеев, Досжан Дайран және Қадылбек Дастан болды. Жаттықтырушылары: Асылбек Мурзахметов, Нұрдәулет Досмағамбет, Дулат Байтөленов.