30 қыркүйек, ЖЕКСЕНБІ
Қазақстанда еңбек күні
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы № 698 Жарлығымен Қазақстанда «Еңбек күні» мерекесі белгіленді, ол қыркүйек айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі.
Аталған мерекенің басты мақсаты - Мемлекет басшысының Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру шеңберіндегі өндіруші еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттау және жұмысшы әулетіндегі көпжылдық дәстүрді нығайту.
Қазақстанда машина жасаушылар күні
Қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Бұл кәсіби мереке алғаш рет 1981 жылы, КСРО кезінде тойланған. Кеңес одағы тарағаннан кейін бұл мерекені Беларусь, Қырғызстан, Ресей де өз күнтізбелерінде қалдырды.
Халықаралық саңыраулар күні
Жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтіледі. Ол 1951 жылы Бүкіләлемдік керең-мылқаулар федерациясының құрылуына байланысты бекітілген.
Қазақстанда Әділет органдары қызметкерлерінің күні
Мемлекет басшысының 2012 жылдың 20 қазанындағы №164 Жарлығымен әділет органдары қызметкерлерінің күнін атап өту белгіленген болатын.
Ботсвана Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1966)
Ботсвана - Оңтүстік Африкада орналасқан мемлекет. Астанасы - Габороне қаласы. Ресми тілі - ағылшын және сетсвана тілдері. Ақша бірлігі - пула. Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - бір палаталы Ұлттық жиналыс.
Дүниежүзілік аударма күні (Аудармашылар күні)
1991 жылы Халықаралық федерация (FIT) 30 қыркүйекті Халықаралық аудармашылар күні деп жариялады.
Украинада кітапхана күні
1998 жылы Украинаның екінші президенті Леонид Кучманың жарлығымен бекітілген. Бұл мәдени мереке Украина кітапханаларының ұлттық білім беру, ғылым мен мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтіп, қоғамдағы олардың рөлін одан әрі арттыруды ынталандыру үшін белгіленген.
Молдовада әжелер күні
Үкіметтің 2007 жылғы 12 қыркүйектегі №1014 қаулысымен бекітілген. Әжелер күні жас ұрпақты тәрбиелеуде, әдет-ғұрыптар мен ұлттық құндылықтарды сақтаудағы әжелердің елеулі еңбегін атап өту үшін қоғамның құрметі мен ризашылығының белгісі ретінде бекітілген.
Канадада сауықтыру күні
Есірткі, алкоголь немесе басқа да заттарға тәуелділіктен арылып, салауатты өмір салтын қалыптастырған адамдарға арналады. Алғаш рет 2012 жылы 30 қыркүйекте Ванкуверде аталып өтті.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1824 жылы Ресей Сенатының шешімімен Көкшетау қамалы империяның бекітілген аудандар жөніндегі ресми тізіміне енгізген. 1839 жылы Көкшетауға әскери гарнизон енгізіліп, казактар стансасы құрылған. 1868 жылы әскери құрылымдар жойылып, қамалға жергілікті тұрғындар қоныстана бастады.
1954 жылы ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі Қумыл аймағының құрамында Баркөл-Қазақ автономиялық ауданы құрылды. Ол шығысында Қумыл аймағы Аратүрік ауданымен, батысында - Мори-Қазақ автономиялық ауданымен, солтүстікте - Моңғолиямен, оңтүстігінде Тянь-Шань тауы арқылы - Қумыл ауданымен шектеседі. Аумағы - 38,5 шаршы шақырым.
1992 жылы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жастар үшін Мемлекеттік «Дарын» сыйлығын тағайындау туралы қаулы қабылдады.
1996 жылы Қазақстан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы Шарт мәтініне қол қойды.
2000 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Білім» мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды.
2005 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің қатысуымен Балқаш көлінің мәселелеріне бағытталған халықаралық экологиялық форум болып өтті.
Форумға Қытайдың, Қырғызстанның белгілі ғалымдары, экологтары, Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімшіліктері және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, барлығы 400-ден астам делегат қатысты.
2010 жылы Түркияда қазақстандық ауыр атлет Майя Манеза 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлемдік рекорд орнатып (143 келі), әлемнің екі дүркін чемпионы (2009 және 2010 жылдар) атанды.
2011 жылы Ақтауда қала күніне орай Ынтымақ орталық алаңында Құрманғазыға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Ат мінген күйшінің мүсіні таза қоладан жасалған екен. Тұғырымен қоса есептегенде, ескерткіштің жалпы биіктігі 11,7 метрді құрайды. Ескерткіштің авторы - танымал мүсінші Көшер Байғазиев.
2013 жылы «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігі мен Испанияның «EFE» халықаралық ақпарат агенттігінің арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«ЕҒЕ» - Associated Press, United Press International, Thomson Reuters және Agence France-Presse сияқты агенттіктермен қатар халықаралық ақпарат агенттіктерінің «үлкен бестігіне» кіретін испан тіліндегі әлемдегі жетекші ақпараттық-жаңалықтар агенттігі.
Агенттіктің өз жаһандық тілшілер желісі бар, онда оқиғаларды әлемнің 120 елінен тәулік бойы жариялауға мүмкіндік беретін 3000-нан астам мамандар жұмыс істейді.
2013 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен келген Испания Корольдігі Үкіметінің төрағасы Мариано Рахоймен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан-Испания стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Экономика, инвестиция, көлік, өнеркәсіп, жаңартылатын энергетика, мәдениет салаларындағы және өзге де бағыттардағы ынтымақтастыққа кездесуде ерекше назар аударылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәртебелі қонаққа Қазақстанда әскери тұтқында болған 152 испандық туралы мұрағат құжаттарын табыс етті.
2014 жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Ватикан мұрағатынан табылған туындылардың фотокөрмесі ашылды. Ватикан мұрағатынан Қазақстан тарихына қатысты баға жетпес деректер табылды. Құнды жәдігерлерді Италия елінің Рим қаласына барған ғылыми зерттеу тобы анықтады.
Зерттеу жұмыстары Ватикан мемлекетінің мұрағаттары мен кітапханаларында жүргізілген. Екінші зерттеу тобының құрамында Колумбия университетінің тарих ғылымдарының профессоры Рафис Абазов пен "Қазақстан тарихы мен әлеуметтік ғылымдар" кафедрасының оқытушысы Кармине Барбаро болды.
Тарихшы профессор Рафис Абазовтың айтуынша, зерттеу барысында Ватиканның құпия мұрағатынан қазіргі Қазақстан территориясы бедерленген 6 бірегей карта мен 13-15 ғасырларда Рим папасының түрік қағанына жазған хаты табылған.
Карта 1684 жылы жасалған.
2014 жылы Қазақстан және Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин «Еуразия» бірлескен жобасын іске қосты. Қос мемлекет басшылары кілт белгінің көмегімен жобаны іске қосты. Жоба жүзеге асырылғаннан кейін Каспий ойпаты аумағында 7-9 шақырым тереңдікте жатқан көмірсутегі қорын өндіруге мүмкіндік тумақ.
Геологтар «Қазақстандағы көмірсутегі қорының 80 пайызға жуығы осы аймақта шоғырланған» деген болжам жасап отыр.
2014 жылы Түркістан қаласында ТүркПА бас хатшысы Жандос Асанов пен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті Уәлихан Әбдібеков екі құрылым арасындағы түсіністік меморандумына қол қойды. Аталған құжатқа сай, екі тарап түркі ынтымақтастық құрылымдарының алдында тұрған ортақ мақсат-мүдделердің діттеген межеден шығуы үшін бірлесе әрекеттесуге келісті.
2015 жылы қазақтың ұлы ақыны Абайдың 170 жылдығына орай ҚР Орталық мемлекеттік мұражайы Семей қаласы облыстық тарихи-өлкетану мұражайымен бірлесіп «Абай әлемі» көрмесін өткізді.
Бұл көрмеде ҚР ҰММ қорында сақталған Абайдың қолжазбалары, кітаптары, басылымдары көрсетілді.
2015 жылы Google-дің белгілі видеоплатформа нұсқасы - YouTube-тің қазақстандық нұсқасы іске қосылды. Ол қазақстандық интернет пайдаланушыларға youtube.kz доменінде араласуға, видеомен бөлісуге мүмкіндік береді.
2015 жылы Қазақстан астанасында жыл сайынғы MEDIA EXPO 2015 IV республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының көрмесі ашылды.
2017 жылы шымкенттіктер бауырсақ пісіруден рекорд жасады. Қала күні аясында «Алтын дән» компаниясы Шымкент қалалық әкімдігінің қолдауымен 1136 келі бауырсақ пісірді. Наурыз алаңында Қазақстанның «КИнЭС» рекордтар кітабының жаңа рекорды тіркелді. 1 тоннадан астам бауырсақты қаланың үздік 20 аспазы әзірледі. Рекорд жасау үшін 750 келі ұн, 400 литр май, 60 келі қант пен 150 литр сүт жұмсалды.
2017 жылы Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) «Терең тарихтан жарқын болашаққа» атты археологиялық жобасы Мимар Синан атындағы халықаралық жобалар байқауының «Дизайн және идеялық жобалар» санатында жеңімпаз деп танылды. Түркі әлемі инженерлері мен сәулетшілер одағының ұйымдастыруымен 4 жылда бір рет өткізілетін халықаралық жобалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты Кайсери қаласында болды.
1882 жылы америкалық Эпплтон (Висконсин штаты) қалашығында Фокс өзенінде әлемдегі алғашқы гидроэлектр стансасы іске қосылды. Динамо-машина қуаты 12,5 кВт.