30 маусым. Жылнама

Фото: Kazinform/ Midjourney

Kazinform оқырман назарына 30 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық астероид күні

Алғаш рет 2015 жылғы 30 маусымда атап өтілді. БҰҰ Бас Ассамблеясының 2016 жылғы 6 желтоқсандағы №71/90 қарарымен бекітілді. Осы күнді атап өтудегі мақсат – астероидтар, олардың Жерге төндіруі мүмкін қауіп-қатері туралы қалың жұртшылыққа ақпарат беру. Астероидтар күнін атап өту үшін 30 маусымның таңдалуы адамзат тарихындағы ең ауқымды астероид апаты Тунгусс метеоритінің құлаған күнімен (1908 ж.) байланысты.

Халықаралық парламентаризм күні

2018 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы өзінің қарарында Парламентаралық одақтың құрылғанына бір жыл толуын халықаралық парламентаризм күні деп жариялады. Бұл парламенттер мен парламенттік ұйымдардың ұлттық деңгейдегі және тұрақты дамудың жаһандық мақсаттарына қол жеткізудегі, сондай-ақ бүкіл әлемдегі адамдардың өмірін жақсартудағы рөлін ерекше көрсетті.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1935 жылы Бөрлі ауданы құрылды. Ауданның қазіргі аумағы 1965 жылы қалыптасты. Батыс Қазақстан облысының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Орталығы – Ақсай қаласы. Аумағы – 5 556 мың шаршы метр. Аудан орталығынан Орал қаласына дейінгі қашықтық – 140 км. Облыстың үш ауданымен және солтүстікте Жайық өзені бойымен Ресей Федерациясының Орынбор облысымен шектеседі. Аудан аумағына 15 ауылдық округ пен Ақсай қаласы кіреді. 31 елді мекен бар, соның ішінде 14 әкімшілік-аумақтық бөлініс кіреді: Ақбұлақ, Александровка, Ақсу, Бөрлі, Бумакөл, Березов, Жарсуат, Кентүбек, Қанай, Қарағанды, Пугачев, Приурал, Успен ауылдық округтері және Ақсай қаласы.

1954 жылы КСРО министрлер кеңесі магнетитті кен табылған Соколов және Сарыбай кен орындарының негізінде Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің құрылысын бастау туралы шешім қабылдады.

1998 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды. Кеңестің негізгі міндеттері – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен елде жұмыс істеп жүрген шетелдік инвесторлардың арасындағы тікелей диалогті қамтамасыз ету, инвестициялық қызметпен байланысты проблемалық мәселелерді жедел шешу, Қазақстанда инвестициялық климатты жақсарту және елімізді әлемдік экономикалық процестерге одан әрі интеграциялау.

2007 жылы астанада Бейбітшілік және келісім сарайының алдында Халықтар достығы монументі ашылды. Монументтің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен елімізге жұмыс сапарымен келген Испания Королі Хуан Карлос І және Королева София қатысты. Ескерткіш авторлары – суретші Төлеуғазы Байғалиев, сәулетші Саматбек Тәженұлы, мүсінші Асқар Нартов. Биіктігі – 21 метр. Жоғарғы жағында 100 мыңнан астам қазақ, орыс, неміс және кәріс ұлты қыздарының шаңырақты көтеріп тұрған мүсіні бейнеленген. Ортасында Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың санына сәйкес керегелер мен масақ орналасқан.

2009 жылы астанадағы Тәуелсіздік сарайы және «Қазақ елі» монументі орналасқан Манас көшесінің аты Тәуелсіздік даңғылы деп өзгертілді.

2010 жылы Қарағанды облысының Теміртау қаласында 1985 жылы болашақ ұрпаққа жолдау жазып салынған капсуланы ашу салтанаты өтті. ХХІ ғасырдың металлургтеріне арналған бұл жолдауда болашақ ұрпаққа «Қазақстандық Магнитка» металлургтерінің дәстүрлерін сақтау тілегі жазылған. Контейнерге сондай-ақ, құжаттар – сол жылдары шығарылған өнімдер туралы есеп көшірмелері және мерейтойлық датаға қарсы түсірілген деректі фильм болған. Контейнердің сыртында: «2010 жылдың шілде айында ашу» деп жазылған.

2011 жылы Алматыда Венгрия, Австрия, Латвия, Словакия және Словенияның бірлескен визалық орталығы ашылды. Мақсаты – шенген визаларын беретін орынды Қазақстан тұрғындарына жақындату.

2015 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мерейтойлық монетасы шығарылды.

2015 жылы Татарстан Республикасының қазақ ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы С.Жақсыбаевтың Қазанның көшелерінің біріне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімін беру туралы өтініші қарастырылған соң Қазан муниципалдық топонимика бойынша комиссиясының ұсынысын ескеріп, Вахитов және Приволжский аудандарының аумағындағы Эсперанто көшесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру шешімі қабылданды.

2018 жылы астанада Венгрияның Түркі халықтарының үлкен фестивалі моделі бойынша «Көшпенділер әлемі» фестивалі басталды. Ашылу салтанатында фестиваль қонақтары: MagyarTuran (Венгрия), Болгарлық «Бага-Тур» спорт мектебі, «Любизар-Солтүстік Амур» 1-ші Башқұрлық атты полк» әскери-патриоттық клубы» (Башқұрстан), Ордогай Түрік тарихи жаңғыру командалары өз өнерлерін ортаға салды. Екі күн бойы 7 ауылдан тұратын фестивальдің қатысушылары көшпенділер мәдениетін жетік меңгерген жаужүрек сарбаздар, мергендер, ат құлағында ойнайтын шабандоздар және музыканттар сан түрлі қойылымдар қойып, шеберлігімен көрерменді тәнті етті.

2018 жылы Семейдегі көрмеде Абай ұстаған тұмар домбыра көрсетілді. Домбыра ақынның Жидебай қонысындағы музей-үйінен арнайы әкелінді. Абай Құнанбайұлы өзінің домбырасын досы Н.И.Долгополов арқылы 1885 жылы Семейдегі өлкетану музейіне тапсырған. Нифонт Долгополов сол жолы жайлаудан қайтқанда, Абайдың тұмар домбырасымен қоса қобыз, сыбызғы, асатаяқты да музейге тапсырады. Бүгінгі таңда домбыра – Абайдың саусақ іздері сақталған аса құнды экспонаттардың бірі.

2019 жылы Батырхан Шүкенов альбомдарының сыйлыққа берілетін коллекциялық басылымы жарыққа шықты. Оған әншінің екі концерті, тоғыз музыкалық диск және бұрын шырқалмаған әндері кірді. Музыкалық дискілерге қосымша ретінде жинаққа Батырдың 2006 және 2013 жылдары Алматыда өткен концерттерінің DVD жазбалары қосылды. Соңғысы әртістің Нью-Йорк, Лондон, Рига және Мәскеудегі әріптестері мен достарының қатысуымен өткен.

2020 жылы Румыния астанасы Бухарест қаласының ең көрікті жерлерінің бірінде «Нұр-Сұлтан» саябағы салтанатты түрде ашылды.

2020 жылы Қазақстанда ұлттық парктерді қолдау қоры құрылды. Оның басты міндеті – өркениетті экотуризмді дамыту жөніндегі жобаларды қолдау, елдегі ұлттық парктер табиғатына қамқорлық жасау мақсатында мүдделес адамдарды біріктіру.

2020 жылы Польшада Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған пошта маркасы шығарылды. Пошта маркасын шығару жобасын ұлы ақынның мерейтойын мерекелеу аясында Қазақстанның Варшавадағы Елшілігінің бастамасымен «Почта Польска» АҚ жүзеге асырды. Марканың таныстырылымы «Почта Польска» компаниясының орталық ғимаратында өтті. Қазақстанның Польшадағы Елшісі Әлім Қирабаев қазіргі ұрпақты адалдық пен әділеттілік қағидаларын басшылыққа алуға, сондай-ақ өз халқына қызмет етуге және білім беруге ұмтылуға шақырып, шабыттандыратын ұлы жазушының философиялық идеяларының және өлмес әдеби мұрасының өзектілігін атап өтті.

2020 жылы мәдени-ағарту бағытындағы «Абай» телеарнасы эфирге шықты.

2021 жылы Корея Республикасында екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың бүкіл тарихында оңтүстіккореялық Dongil Highvill компаниясының президенті Ко Донг Хен Қазақстанның тұңғыш құрметті консулы атанды.

Оның негізгі қызметі азаматтарымыздың құқықтарын қорғау жұмысын күшейтуге, сондай-ақ экономика, мәдениет, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесуге бағытталады.

2021 жылы домбыра, қобыз және сыбызғы Бельгияның музыкалық аспаптар мұражайына берілді. Қазақстанның бай музыкалық мәдениеті енді Брюссельде көрсетіледі. Домбыра, қобыз және сыбызғы Бельгияның Корольдік өнер және тарих мұражайларының Мемлекеттік мұражай кешенінің тізіміне енеді, сонымен қатар мұражайдың онлайн каталогі мен «MIMO» музыкалық аспаптардың халықаралық деректер базасы арқылы дүние жүзіне қолжетімді болады.

2021 жылы Лондондағы виртуалды кітап жәрмеңкесіне «Шоқан Уәлихановтың таңдамалы шығармалары», «Қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясы», сондай-ақ Абай Құнанбайұлы шығармалары ұсынылды.

2022 жылы Беларусьте «Майдан жолы» Павлодар іздестіру зерттеу жасағының бастамасымен құрылған Беларусь жерінде Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан Қазақстан тумаларына гранитті ескерткіш ашылды. Ескерткіш «Рыленки» мемориалдық кешенінің әскери зиратында орнатылған.

2023 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Абай облысында болған төтенше жағдай кезінде көрсеткен ерлігі, әскери және қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін құтқарушылар мен әскери қызметкерлер марапатталды.

2024 жылы еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған 700-ден астам сарбаз 5573 әскери бөлімінде 30 күндік арнайы дайындықтан өтіп, Отанға адал қызмет етуге салтанатты түрде ант қабылдады. Оларды қолдауға ата-аналары келді. Енді жас сарбаздар 5573 әскери бөлімінің өзге де әскери қызметшілерімен бірге Астана көшелерінде бір сапқа тұрып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін болады.