30 маусым. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 30 маусымда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

74 жыл бұрын (1949) ақын, журналист Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында туған. Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. 1971-1976 жылдары - Сарыағаш аудандық «Қызыл Ту» газетінің қызметкері. 1976-1980 жылдары - облыстық телерадиокомитет редакторы. 1980-1987 жылдары - облыстық халық шығармашылығы орталығының бас маманы. 1987-2007 жылдары - облыстық «Қайырымдылық» қорының төрайымы, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы, облыстық мәдениет басқармасының бастығы, Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның директоры қызметтерін атқарған. Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры.

«Қанат қақты», «Бұлтсыз аспан», «Жұлдызым», «Жангүлім», «Жан айқайы», «Махаббат мәңгілік», «Жыр кітабы», «Сыр кітабы», «Шындыққа қарай жүздім» атты прозалық кітаптардың авторы. «Парасат» орденімен және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған.

69 жыл бұрын (1954) кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Сергей Жұмабайұлы ӘЗІМОВ дүниеге келді.

Өзбекстан Республикасында туған. Бүкілодақтық кинематография институтын бітірген. «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері, Қазақстан Кинематографияшылар одағының хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1997-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешені бас директорының орынбасары, Алматы телеорталығының директоры. 2001-2002 жылдары - «Хабар» агенттігінің бас продюсері. 2002-2007 жылдары Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық компаниясының бас директоры.

«Шеңбер», «Ұлдар», «Мен Абайды әке деймін», «Қиянат», «Астана - жаңа ел ордасы», «Мүмкін емес ештеңе жоқ», «Бейтаныс Назарбаев», т.б. толық және қысқаметражды деректі фильмдерді қойып, кейбірінің сценарийін жазды.

6 6 жыл бұрын (1957) «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» Басқарма Төрағасы Марат Рахмалыұлы НҰРҒОЖИН дүниеге келді.

Техника ғылымдарының докторы, профессор. 250 ғылыми мақала, жеті патент, төрт монография, тоғыз оқулық пен ғылыми әдістемелердің авторы, ол бес кандидат пен бір ғылым докторын, қырықтан астам магистрант дайындап шығарған. 2013-2016 жылдары «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ президентінің міндетін атқарушы, 2016 жылы тамыз-желтоқсанда - «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ президенті, ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі (2016-2019), ҚР цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі (2019 жылғы сәуір-желтоқсан аралығында). Қазіргі қызметінде – 2020 жылдың қаңтар айынан бастап.

2013 жылы «Әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін» даңқ орденімен және оған қоса «Ғылымдағы есім» құрметті атағымен марапатталған. Мемлекеттік, үкіметтік және өзге де марапаттары: «Құрмет» ордені, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР Конституциясына 10 жыл», «ҚР Парламентіне 10 жыл» медальдары, «ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға қосқан жетістіктері үшін» белгілері, ҚР БҒМ Құрмет грамотасы; ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хаты.

55 жыл бұрын (1968) ҚР мемлекет қайраткері Мұхтар Бескенұлы ТІЛЕУБЕРДІ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 2-сыныпты Төтенше және Өкілетті Елші. Еңбек жолы: 1993-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Азия елдері басқармасының атташесі, үшінші хатшысы. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Кореядағы Елшілігінің үшінші, екінші хатшысы. 1999-2000 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Азия, Таяу Шығыс және Африка елдері департаментінің бірінші хатшысы, Екіжақты ынтымақтастық департаментінің бөлім бастығы. 2001-2003 жылдары - Қазақстан Республикасы Израильдегі Елшілігінің кеңесшісі, ҚР істерінің Израильдегі Уақытша сенімді өкілі. 2003-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер вице-министрі. 2004 жылдан бастап ҚР Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2005 жылдан бастап Қазақстанның Индонезиядағы, Бруней Даруссаламдағы және Филиппин Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарды. 2009 жылдан бастап ҚР Женевадағы БҰҰ бөлімшесіндегі және басқа да халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілі, Қазақстанның Швейцариядағы Төтенше және Өкілетті елшісі, еліміздің Лихтенштейн княздігіндегі және Ватикан мемлекетіндегі дипмиссиясының басшысы міндетін қоса атқарушы. 2016-2019 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары. 2019-2021 жылдары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Сыртқы істер министрі.

47 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ директоры Асқар Қуанышұлы УМАРОВ дүниеге келген.

Алматы қаласында туған. «Тұран» университетінде халықаралық экономикалық қатынастар мамандығы бойынша білім алған. Израиль мен Польшада стажировкадан өткен. Еңбек жолы: Мәдениет мәселелері жөніндегі республикалық орталықтың экономика жөніндегі маманы (1997), «БИКО» баспа үйінің маркетинг жөніндегі маманы (1998-1999), 2001-2004 жылдары - «Новости Недели» ЖШС, тілші, саясат бөлімінің меңгерушісі, 2004-2006 жылдары - «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының шеф-редакторы, директордың орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның бас менеджері, «Infinity Communication» ЖШС креатив директоры қызметтерін атқарған. Сондай-ақ, 2008-2010 жылдары - «Нұр Медиа» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары, 2011-2013 жылдары - «Түркі академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының вице-президенті, 2014 жылдың шілде айынан қыркүйекке дейін - «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның басқарушы директоры, 2014-2017 жылдары - «ҚазБизнесМедиа» ҚҚ-ның президенті лауазымдарында қызмет еткен. 2017-2020 жылдары - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі» ЖШС бас директоры қызметін атқарды. 2020-2021 жылдары «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ басқарма төрағасы; 2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметін атқарды. 2022 жылы Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Қазіргі қызметінде – 2022 жылдың қыркүйегінен.