ОРАЛ. ҚазАқпарат - Сырым аудандық сотының үкімімен аудандық ішкі істер бөлімінің инспекторы ҚР ҚК 366-бабы 1-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, полиция қызметкері 30 мың теңге көлемінде пара алған.
Прокурор мен сотталушы арасында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасалуына байланысты қылмыстық іс келісімдік іс жүргізу өндірісі тәртібінде қаралды.
Сот үкімімен айыпты деп танылған сотталушыға параның елу еселенген мөлшерінде, яғни 1,5 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен бірге ол өмір бойына мемлекеттік қызметке тұру құқығынан және полиция капитаны шенінен айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда үш бірдей полиция қызметкерінің әрқайсысына 17,5 млн теңгеден айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).