30 наурызда 14 өңірде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 101-бабы 4-тармағына сәйкес ағымдағы жылдың 30 наурызында республиканың 14 өңірінде 58 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өтеді. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды облыстық сайлау комиссиялары тағайындайды.

Барлығы Астана қаласы мәслихатының 1 депутаты, 6 облыстық депутат, 12 қалалық және 39 аудандық мәслихаттар депутаттары сайланады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес мәслихат депутаттығына кандидаттарды белгіленген тәртіпте тіркелген республикалық немесе жергілікті қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ олардың құрылымдық бөлімшелері мен азаматтар - өзін-өзі ұсыну жолымен ұсынады. Мәслихат депутаттығына сайлану үшін азамат Конституциясының 86-бабының 3-тармағында белгіленген талаптарын қанағаттандыруы, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2- және 3-тармақтарына және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес сайлау құқығына ие болуы керек. Осылайша, 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Сот іс-әрекетке жарамсыз деп таныған, сондай-ақ сот шешімі бойынша бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар сайлау және сайлану құқығына ие бола алмайды. Республикалық немесе жергілікті қоғамдық бірлестіктердің, олардың құрылымдық бөлімшелерінің мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсынуын олардың жоғары органдары әрбір кандидат дауысқа түсетін сайлау округін көрсете отырып жүргізеді. Мәслихат депутаттығына кандидаттарды азаматтардың өзін-өзі тәртібімен ұсынуы тиісті округтік сайлау комиссиясына осы аумақтық сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беруі арқылы жасалады. 2014 жылғы 19 ақпандағы жағдай бойынша мәслихат депутаттығына 64 кандидат ұсынылған, олардың 32-і - өзін-өзі ұсынғандар.