75 жыл бұрын (1951) КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Бүкілодақтық комсомол сыйлығының, кәсіпқой әншілердің Михаил Глинка атындағы бүкілодақтық, Р.Шуман атындағы халықаралық конкурсының және Рио-де-Жанейрода өткен Халықаралық байқаудың лауреаты, «Қазақстанның Еңбек Ері» Әлібек Мұсаұлы ДІНІШЕВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы музыкалық училищесін, Алматы консерваториясын бітірген.
1976-1979 жылдары Қазақ филармониясының, 1978-1996 жылдары Қазақ опера және балет театрының әншісі болған. 1997 жылдан бастап «Әлібек Дінішев театры және вокал академиясын» құрып, соған басшылық жасауда. Ол театр сахнасында Ленский (Петр Чайковскийдің «Евгений Онегинінде»), Владимир (Александр Бородиннің «Князь Игорінде»), Айдар (Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абайында»), Төлеген (Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде») т. б. партияларды орындап, халыққа концерттік-орындаушылық қызметімен де кеңінен танылды. Оның репертуарында қазақтың халық әндері, халық композиторларының әндері, сонымен қатар шетел композиторларының да шығармалары бар.
«Парасат», «Қазақстанның Еңбек Ері» (2021) орденімен марапатталған.
59 жыл бұрын (1967) Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Асқарұлы НОҒАЕВ дүниеге келді.
И.Губкин атындағы Мәскеу мемлекеттік мұнай және газ академиясын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Ресей Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Халықаралық қатынастар университеті» Мәскеу мемлекеттік институтын, тау-кен инженері, экономист, халықаралық қатынастар маманы, әкімшілік іскерлік жөніндегі шебер мамандықтары бойынша бітіріп шыққан.
Еңбек жолын 1984 жылы Ақтөбе облысы, Қандыағаш стансасында электр шебері болып бастаған. 1993-1995 жылдары Мәскеу қаласындағы «Гили-Паскер» ЖШС-ында мұнай өнімдері жөніндегі аға сарапшы, бөлім бастығы, бас директоры, 1995-1996 жылдары Алматы қаласындағы «Отырар Лтд» шағын кәсіпорны бас директорының орынбасары, 1996-2006 жылдары «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-ында маркетинг жөніндегі инженер, мұнай және мұнай өнімдерін сату, маркетинг бөлімінің бастығы, бас директоры, 2006 жылы «ҚазМұнайГаз Ұлттық компаниясы» АҚ-ның атқарушы директоры, 2006-2007 жылдары ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі мұнай өнеркәсібі департаментінің директоры болып істеген. 2007-2010 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2010-2012 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, 2012-2016 жылдары Батыс Қазақстан облысының әкімі, 2016-2019 жылдары Атырау облысының әкімі, 2019-2021 жылдары ҚР Энергетика министрі, 2022-2024 жылдары Маңғыстау облысының әкімі болып қызмет атқарған.
2024 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
51 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ұлан Ерденұлы ӨМІРЗАҚОВ дүниеге келді.
Алматы облысының Балқаш ауданында туған. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, 2004 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1991 жылы бастаған. Мемлекеттік кірістер органдарында 2004 жылдан бастап жетекші инспектор лауазымында жұмыс істей бастады. Кейін бас маман, бөлім басшысы, аудандық басқармалардың басшысы, кеден бекеті басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. 2022-2025 жылдары Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары болды.
Қазіргі лауазымын 2025 жылдың мамыр айынан бері атқарып келеді.
48 жыл бұрын (1978) Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Әбілханұлы ДАУЫЛБАЕВ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында туған. 1999 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, 2004 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, 2012 жылы Ресей кеден академиясын бітірген. Мамандығы: кеден ісін ұйымдастыру және басқару, құқықтану, кеден ісі.
Еңбек жолын 1999 жылы ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің инспекторы болып бастады. 2002-2003 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау басқармасының әкімшілік құқық бұзушылық және контрабандаға қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, 2003-2005 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің кеден ісі саласындағы қылмыстармен және құқық бұзушылықтармен күрес бөлімінің бас маманы, 2005-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің әкімшілік құқық бұзушылықтармен күрес бөлімінің басшысы, 2008-2009 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Контрабандамен күрес басқармасы басшысының орынбасары, 2010-2011 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы лицензиялау бөлімінің бастығы, 2011-2012 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының құрылыс басқармасы басшысының орынбасары, 2012-2013 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің контрабандаға қарсы күрес басқармасының басшысы, 2013-2014 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының құрылыс басқармасының басшысы, 2015 жылы «Агро-НК-А» ЖШС директорының орынбасары, 2016-2017 жылдары «Нұр Отан» партиясы» Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, 2017-2018 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары, 2018 жылы Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, 2018-2020 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, 2020-2021 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары, 2021-2022 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2022-2023 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі, 2023-2024 жылдары Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі, 2024-2026 жылдары Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2026 жылғы наурыздан бастап атқарып келеді.
48 жыл бұрын (1978) Ақмола облысының прокуроры Руфат Бауыржанұлы ҚҰТТЫҚОВ дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік заң академиясының «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірді.
Еңбек жолын 2000 жылы Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы прокурорының көмекшісі лауазымынан бастаған.
Әр жылдары Ақтөбе облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры, Жамбыл облысы Жамбыл ауданының прокуроры, Атырау облысы Атырау қаласының прокуроры, Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары, Бас прокуратураның Жолданымдармен жұмыс және іс жүргізу департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. 2022-2024 жылдары Маңғыстау облысының прокуроры болды.
Қазіргі лауазымын 2024 жылғы мамырдан бері атқарып келеді.
47 жыл бұрын (1979) Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Дүйсенбекұлы АЛТЫНБЕКОВ дүниеге келді.
Алматы облысы, Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылында туған. 2001 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін және 2009 жылы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітіріп жоғары білімге ие болған. Диплом бойынша мамандықтары — инженер-электрик және құқықтану.
Еңбек жолын 2010 жылы Алматы облысы Мемлекеттік өртке қарсы қызметінің бас басқармасы Текелі қаласының № 24 өрт сөндіру бөлімінің инспекторы болып бастады. 2010-2012 жылдары Көксу ауданы ТЖБ бастығы, 2012-2014 жылдары Еңбекшіқазақ ауданы ТЖБ бастығы, 2014 жылы Алматы облысы ТЖД кадр жұмысы бөлімінің бастығы лауазымын атқарған.
Кейіннен өз мансабын Алматы облысы ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы болып жалғастырды. Азаматтық қорғау саласындағы апат тәуекелдерін төмендету және бақылау басқармасы бастығының орынбасары болды.
2019-2022 жылдары Талдықорған қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, 2022–2025 жылдары — Жетісу облысы және Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығының орынбасары қызметін атқарды.
Қазіргі лауазымын 2025 жылғы желтоқсаннан бастап атқарып келеді.
43 жыл бұрын (1982) қоғам қайраткері Вера Александровна КИМ дүниеге келді.
Павлодар қаласында туған. 2003 жылы Алматы қаласындағы Экономика және статистика академиясын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша бітірді. 2017 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Әлеуметтік білім» магистрі дәрежесін алды.
Еңбек жолы: 2003-2005 жылдары Павлодар қалалық әлеуметтік-волонтерлік орталығында директордың орынбасары, 2005-2006 жылдары осы орталық директорының міндетін атқарушысы болды. 2006-2010 жылдары «Әлеуметтік-волонтерлік орталығының» төрайымы, 2010-2012 жылдары Қазақстан Азаматтық альянсының Волонтерлік бағдарламалардың директоры қызметін атқарған. 2012 жылдан бастап «Ұлттық волонтерлік желінің» төрайымы. 2017-2021 жылдары «Zhasproject» Жастар корпусын дамыту жобасының үйлестіру агенттігінің басшысы, 2021-2023 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму Комитетінің мүшесі, 2023-2026 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
191 жыл бұрын (1835-1929) әнші, ақын, композитор Жаяу Мұса БАЙЖАНҰЛЫ дүниеге келді.
Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған.
Жастайынан халық музыкасымен, ауылға келіп-кетіп жүрген әнші-күйшілер өнерімен танысады. Өзі де ән салып, домбыра тартады. 1851 жылы Қызылжарға келіп, орыс тілін үйренеді. Ол домбыра, қобыз тартумен қатар, сырнай мен скрипкада ойнауды меңгереді. Қаладағы оркестрлердің, әншілердің орындауындағы концерттерді қызыға тыңдайды. Бұл оның музыкалық-эстетикалық талғамын қалыптастыруда үлкен рөл атқарды.
Жаяу Мұсаның Шоқан Уәлихановпен бірге жүруі, Ыбырай Алтынсариннің өлеңіне («Кел, балалар, оқылық») ән шығаруы, өлеңмен күнделік жазуы, Абайға өлең арнауы, Л. Н. Толстой кейіпкерінің атын баласына қоюы оның заман лебін терең сезінгендігін байқатады. 1854 жылы Омбы қаласындағы орыс мектебінде оқыған. Осындағы кітапханадан Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан, Орынбор, Ақмола, тағы басқа қалаларда шығатын газет-журналдармен, кітаптармен танысады. Жаяу Мұсаның тырнақалды туындысы «Қыздар-ай» Омбыда дүниеге келді. Ол туған ауылына сауатты азамат, музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын өнерпаз болып оралады.
Келе сала, ауыл өміріне қызу араласты. Әкімдердің, би-болыстардың парақорлығын әшкерелеп, әсіресе, Баянауылдың аға сұлтаны Мұса Шорманов пен оның інісі Мұстафаның зорлық-зомбылығын айтып, Омбы генерал-губернаторына шағым жазады. Сол үшін ағайынды Шормановтар оның астындағы атын тартып алып, «жаяу» атандырды. Осы тұста шығарған «Ақсиса» әнінде әлеуметтік теңсіздікке наразылығын білдіреді.
Билігі жүріп тұрған Шормановтар әртүрлі жала жауып, 1860 жылы оны Тобылға 12 жылға жер аудартқан. «Сүйіндік», «Тұтқын зары» әндері осы кезде шыққан. Тұтқында 2 жыл болғаннан кейін өзі сұранып әскерге кетеді. Оны Литвада Орталық Азия жорығына дайындалып жатқан Г.Черняевтің отрядына жібереді. 1863-1865 жылдары осы отрядтың жүк батальоны құрамында Шымкент, Әулие-ата (Тараз), Верный (Алматы) жорығына қатысқан. Черняевтің халыққа көрсеткен зорлығына қатты наразы болып, туған ауылына оралады.
Оған ата жаулары елде де тыныштық бермей, қайта қуғынға салған. Жергілікті халықтың ауыр тұрмысын, билеушілерден көрген зорлық-зомбылығын айтып түсіндіру үшін ол Санкт-Петербургқа аттанады. Бірақ одан да қолдау таба алмаған соң, Латвияда, Польшада болып, соңынан Қазанға келіп аялдайды. Жаяу Мұсаның әншілік, композиторлық өнері халық музыкасымен тығыз байланыста дамыды.
Сол тұста өмір сүрген Тоқсанбай, Жанақ, Түбек, Көтеш, Жаңабай сынды ақын-жыршылардың дәстүрлерін үлгі тұтып, жаңалыққа құлаш ұрды. Жаяу Мұсаның әлеуметтік теңсіздікті әшкерелейтін «Ақсиса», «Хаулау», «Шормановқа», «Толғау», «Бұзау зары», «Тұтқын зары», «Сүйіндік», туған жер табиғатын суреттейтін «Баянауыл», «Жаздың күні», «Жазда», «Ұлытау», «Сарын»; аңшылық-саятшылық туралы «Тұрымтай», «Қаршыға», «Көгершін», күлдіргі «Құлбай», «Қазан қыздары», махаббатты жырлайтын «Сұрша қыз», «Шолпан», «Сәулем қыздар», «Гауһар қыз», «Ләйлім»; өмірлік серігі Сапарға арналған «Келдім, Сапар, басыңа» атты әндері бар.
Сондай-ақ ол лирикалық сипаттағы «Қыз күйі», «Қыз бала күйі», «Қызқарқара», «Қамшылау» сияқты күйлердің де авторы. Жаяу Мұсаның музыкалық шығармалары халықтың әншілік-орындаушылық дәстүрі, сондай-ақ қала әсерінен пайда болған марш, би ырғағындағы туындылар негізінде дамыған. Жаяу Мұсаның әндерінде қазақ халық әндерінде аса сирек кездесетін құбылыс — классикалық музыканың формасын құрайтын ерекшеліктер «Ақсиса», «Ескендір», «Тұрымтай» әндерінен анық байқалады.
Жаяу Мұса композитор, әнші ғана емес, өз әндеріне лайықтап, өлең шығарған ақын. Көптеген мысқыл өлеңдерімен қатар «Шал мен торғай», «Бөдене мен қаншыр» атты мысалдары да бар. Жаяу Мұса көңілге түйгендерін орысша, қазақша қағазға түсіріп отырған. Қазақ қоғамының әлеуметтік. істеріне белсене араласып, ұлт мәдениетіне елеулі үлес қосқан. Көптеген колжазбалары Алматы, Қазан, Санкт-Петербург, Омбы мұрағаттарынан табылған. Оның әндері мен күйлерін алғаш нотаға түсіріп, жазып алғандар — А.Затаевич, А.Жұбанов, Б.Ерзакович, М.Лалинов; әндерін айтып берушілер — Қ.Бабақов, Қ.Байжанов, Ә.Қашаубаев, Қ.Лекеров, Ж.Елебеков және Жаяу Мұсаның баласы Салық Мусин. Оның музыкалық мұрасын қазақ композиторлары опера («Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Біржан — Сара», «Бекет»), симфония, эстрада жанрларында пайдаланған.
Жаяу Мұсаның әндері қазіргі әншілердің репертуарынан орын алды. Әнші бейнесі көркем шығармаларда, З.Ақышевтің «Жаяу Мұса» романында сомдалған.