30-шы жылдары қуғынға ұшыраған қазақ байлары жайындағы мұрағатты қорықпай жариялау керек- М.Әпсеметов
«Сонау 1980-90 жылдары, кеңес үкіметі құлайын деп тұрған сәтте Мәскеуден, КГБ төрағасының 5 миллионнан астам құжаты жою туралы бұйрық келген еді. Құдай сақтап, сол құжаттарды аман алып қалдық. Сол құжаттардан қазақтардың саясатын, мұң-мұқтажын анық білуге болады. Қазіргі уақытта осы мұрағатта 30-шы жылдардағы ұжымдастыру кезінде қуғынға ұшыраған 30-40 мың жылқы айдаған 100 мың қазақ байларының құжаттары өте құпия ретінде сақтаулы. Бірақ, оның қандай құпиялығы бар? Соны халыққа жария ету керек қой.
Біреулер Сталин, Берия тіріліп келетіндей қорқады. Олар тірілмейді. Сондықтан, бұл құжаттарды елге жеткізу керек, білу керек», - деді ҚР Ұлттық мұрағатының бас директоры Марат Әпсеметов.
Сонымен, көрмеге келушілер алғаш рет ҚР Ұлттық мұрағаты, ҚР ІІМ Ақпараттық-сараптамалық орталығы және ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің алынған «өте құпия» грифінде болған бірегей мұрағат құжаттарының тұпнұсқасымен танысуға мүмкіншілік алып отыр.
Онда Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, С.Аспандияров, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, О.Жандосов, Т.Жүргенов сынды қазақ халқының белгісі саяси және қоғам қайраткерлерінің жеке құжаттары мен тергеу материладары ұсынылған.
Мұнан бөлек, қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған гректердің, литвалықтардың, эстондықтардың, латыштардың, ирандықтардық жеке құжаттары, француз, испан, жапон, австриялық, венгриялық әскери тұтқындардың құжаттары да келушілердің қызығушылығын тудырары сөзсіз.
Көрме шамамен бір аптаға созылады.