84 жыл бұрын (1939) мемлекет және құқық теориясы саласындағы мықты заңгер-ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Салахиден Нұрсарыұлы СӘБИКЕНОВ дүниеге келді.
Атырау облысы Новобогат ауданы Манаш ауылында шаруа отбасында туған. 1959-1964 жылдар арасында С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдады.
1964 жылдан бастап Қазақ ССР Ғылым Академиясының Философия және құқық институтының кіші ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді.
Ал 1969 жылы КСРО ғылым академиясының мемлекет пен құқық институтының аспиранты атанып, заң ғылымының кандидаты дәрежесіне ие болды. 1986 жылы «Социализм қоғамында құқық пен әлеуметтік мүдделердің өзара байланысы» тақырыбында диссертация қорғап, заң ғылымдарының докторы атанды.
1995 жылдан ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, ал 2004 жылы ҚР ҰҒА Академигі болып сайланды. Сонымен қатар ҚР Табиғи ғылымдар академиясының академигі және Әлеуметтік академиясының академигі. Профессор. 1970-1993 жылдар арасында аға оқытушы, доцент, кіші ғылыми қызметкер, бөлім бастығы, профессор, кафедра жетекшісі мен КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектеп басшысының ғылыми іс жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 1993 жылдан ҚР Ішкі істер министрлігінің Алматыдағы жоғары мектеп басшысының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1995 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен 6 жыл мерзімге ҚР Конституциялық кеңесі мүшесі болып тағайындалды. 1996-2006 жылдары «Халықаралық құқық және нарық Академиясы» ЖАҚ ректоры болды.
Профессор С.Н. Сәбикенов ҚР Жоғарғы сотының Ғылыми-консультациялық кеңесінің, ҚР Мемлекеттік аттестациялық комиссиясының мамандар кеңесінің, ҚР Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының Докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі Диссертациялық кеңестің мүшесі болған.
80 жыл бұрын (1943) экономика ғылымдарының докторы, ҚР Қаржы министрлігі жанындағы «Қаржы академиясы» АҚ «Қаржы» кафедрасының профессоры Зағира Дүйсебайқызы ЫСҚАҚОВА дүниеге келді.
Алматы облысында дүниеге келген. 1969 жылы Алматы халық шаруалар институтын (қазіргі Қазақ экономикалық университеті) бітірген. Экономика ғылымының докторы (2005).
1962-1976 жылдары Қарағанды облысы жолдары басқармасында инженер, аға экономист, жоспарлау-өндірістік бөлімінің бастығы, 1976-1991 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінде аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, профессор қызметтерін атқарды. 2006 жылдан кафедра меңгерушісі.
Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі, РЖА толық мүшесі болып сайланды және академик ғылыми атағы берілді (2014).
74 жыл бұрын (1949) мүсінші, суретші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Валерий Борисович ПИРОЖКОВ дүниеге келді.
Челябі облысы (РФ) Миасс қаласында туған. Омбы педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген (1982-1986).
Еңбек жолы: 1972 жылы Шымкент қаласындағы киномеханиктер мектебінің оқу шебері, 1973 жылы Арқалық қаласындағы жөндеу шеберханасында монтаждаушы, 1974 жылы Целиноград қаласындағы Жастар сарайының эстрада машинисі, 1977 жылы керамика комбинатында суретші және қалыпшы.
1987 жылдан – ҚР Суретшілер одағының мүшесі.
Астана қаласындағы Ұлы Отан соғысы монументінің (1995 ж.) авторы, қолданбалы өнер, кескіндеме мүсіндерінің 100-ден астам туындыларының авторы. «Қазақстан» және «Стелла» субұрқақтарына авторлық куәліктің иегері (2005).
Оның жұмыстарын ТМД елдерінен, АҚШ, Германия, Канада, Үндістан, Италия, Қытайдағы коллекция жиюшылар сатып алды.
53 жыл бұрын (1970) «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы АҚ Басқарма төрайымы Аида Дәденқызы ҚҰРМАНҒАЛИЕВА дүниеге келді.
Қызылорда облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Австрияның Біріккен Вена институтында (Joint Vienna Institute), АҚШ-тың Дьюк университетінде (Duke University), Сингапурда Ли Куан Ю (Lee Kuan Yew School of Public Policy) атындағы мемлекеттік саясат мектебінде, Назарбаев Университетінде, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқыған. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1993 жылы бастады, Қазақстан Республикасы Қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді.
2009-2021 жылдары ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы және аппарат басшысы лауазымдарын атқарды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен 2022 жылғы 27 маусымнан бастап «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды.
Мемлекеттік наградалармен, оның ішінде «Құрмет» орденімен, ҚР Президентінің Құрмет грамоталарымен және медальдармен марапатталған.
36 жыл бұрын (1987) Үржар ауданы әкімінің орынбасары Дидар Дәулетханұлы ХАМИТОВ дүниеге келді.
Семей облысы Үржар ауданы Үржар ауылында дүниеге келген. 2009 жылы Д. Серікболов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін көлік қозғалысы және эксплуатациясы, тасымалдауды ұйымдастыру мамандығы бойынша, 2011 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық – заң университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірді.
Еңбек жолын 2010 жылы Үржар ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде жетекші маманы болып бастады. 2013-2015 жылдары Үржар ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, 2015-2017 жылдары «Үржар ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы, 2017-2018 жылдары «Үржар ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысының м.а. қызметін атқарды.
Қазіргі қызметін 2018 жылдың қаңтар айынан бастап атқарып келеді.
69 жыл бұрын (1954-2017) белгілі журналист, ҚР журналистика академиясының академигі Жұмабек Омарұлы КЕНЖАЛИН дүниеге келген.
Қостанай облысының Аманкелді ауданындағы Жданов атындағы колхозда туған. 1971 жылы Торғай облысы Арқалық ауданындағы Қайыңды орта мектебін бітірген соң, әскер қатарында қызмет етті, шаруашылықтарда жұмыс істеді.
1981 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін тәмамдаған соң, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жылдары «Білім және еңбек» («Зерде») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы болды. 1990 жылдан «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары, бірінші орынбасары, ал 1994 жылдың қаңтарына дейін осы басылымның бас редакторы қызметін атқарды. 1996-1997 жылдары «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. 1999-2006 жылдары «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамының президенті, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы, 2006-2009 жылдары «Ақиқат» журналының Бас редакторы, 2009 жылдың ақпанынан «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – редакторлар кеңесінің төрағасы болды.
«Желкілдеп өскен құрақтай», «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз», «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» деп аталатын деректі әңгімелер мен эсселер кітаптарының авторы.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1984), Қазақстан Республикасы Президент сыйлығының лауреаты (2006), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған (2004).
Қазақстан Журналистер Академиясының толық мүшесі – академигі (2001).