30 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Фото: Kazinform/Midjourney

Бүгін, 30 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

85 жыл бұрын (1939) мемлекет және құқық теориясы саласындағы мықты заңгер-ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Салахиден Нұрсарыұлы СӘБИКЕНОВ дүниеге келді.

Фото: instagram.com/sorbonne_kazakhstan/

Атырау облысы Новобогат ауданы Манаш ауылында шаруа отбасында туған. 1959-1964 жылдар арасында С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдады.

1964 жылдан бастап Қазақ ССР Ғылым Академиясының Философия және құқық институтының кіші ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді.

Ал 1969 жылы КСРО ғылым академиясының мемлекет пен құқық институтының аспиранты атанып, заң ғылымының кандидаты дәрежесіне ие болды. 1986 жылы «Социализм қоғамында құқық пен әлеуметтік мүдделердің өзара байланысы» тақырыбында диссертация қорғап, заң ғылымдарының докторы атанды.

1995 жылдан ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, ал 2004 жылы ҚР ҰҒА Академигі болып сайланды. Сонымен қатар ҚР Табиғи ғылымдар академиясының академигі және Әлеуметтік академиясының академигі. Профессор. 1970-1993 жылдар арасында аға оқытушы, доцент, кіші ғылыми қызметкер, бөлім бастығы, профессор, кафедра жетекшісі мен КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектеп басшысының ғылыми іс жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 1993 жылдан ҚР Ішкі істер министрлігінің Алматыдағы жоғары мектеп басшысының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1995 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен 6 жыл мерзімге ҚР Конституциялық кеңесі мүшесі болып тағайындалды. 1996-2006 жылдары «Халықаралық құқық және нарық Академиясы» ЖАҚ ректоры болды.

Профессор С.Н. Сәбикенов ҚР Жоғарғы сотының Ғылыми-консультациялық кеңесінің, ҚР Мемлекеттік аттестациялық комиссиясының мамандар кеңесінің, ҚР Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының Докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі Диссертациялық кеңестің мүшесі болған.

75 жыл бұрын (1949) мүсінші, суретші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Валерий Борисович ПИРОЖКОВ дүниеге келді.

Фото: painters.kz

Челябі облысы (РФ) Миасс қаласында туған. Омбы педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген (1982-1986).

Еңбек жолы: 1972 жылы Шымкент қаласындағы киномеханиктер мектебінің оқу шебері, 1973 жылы Арқалық қаласындағы жөндеу шеберханасында монтаждаушы, 1974 жылы Целиноград қаласындағы Жастар сарайының эстрада машинисі, 1977 жылы керамика комбинатында суретші және қалыпшы.

1987 жылдан – ҚР Суретшілер одағының мүшесі.

Астана қаласындағы Ұлы Отан соғысы монументінің (1995 ж.) авторы, қолданбалы өнер, кескіндеме мүсіндерінің 100-ден астам туындыларының авторы. «Қазақстан» және «Стелла» субұрқақтарына авторлық куәліктің иегері (2005).

Оның жұмыстарын ТМД елдерінен, АҚШ, Германия, Канада, Үндістан, Италия, Қытайдағы коллекция жиюшылар сатып алды.

70 жыл бұрын (1954-2017) белгілі журналист, ҚР журналистика академиясының академигі Жұмабек Омарұлы КЕНЖАЛИН дүниеге келген.

Фото: Kazinform

Қостанай облысының Аманкелді ауданындағы Жданов атындағы колхозда туған. 1971 жылы Торғай облысы Арқалық ауданындағы Қайыңды орта мектебін бітірген соң, әскер қатарында қызмет етті, шаруашылықтарда жұмыс істеді.

1981 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін тәмамдаған соң, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жылдары «Білім және еңбек» («Зерде») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы болды. 1990 жылдан «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары, бірінші орынбасары, ал 1994 жылдың қаңтарына дейін осы басылымның бас редакторы қызметін атқарды. 1996-1997 жылдары «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. 1999-2006 жылдары «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамының президенті, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы, 2006-2009 жылдары «Ақиқат» журналының Бас редакторы, 2009 жылдың ақпанынан «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – редакторлар кеңесінің төрағасы болды.

«Желкілдеп өскен құрақтай», «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз», «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» деп аталатын деректі әңгімелер мен эсселер кітаптарының авторы.

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1984), Қазақстан Республикасы Президент сыйлығының лауреаты (2006), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған (2004).

Қазақстан Журналистер Академиясының толық мүшесі – академигі (2001).