30 желтоқсан. Жылнама

Фото: Kazinform

Kazinform оқырман назарына 30 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1995 жылы Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауылында Қазыбек биге ескерткіш орнатылды.

1998 жыл Қазақстан халықтарының бірлігін нығайтып, өскелең ұрпақтың бір-бірімен байланысын нығайту мақсатында 1999 жыл «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп жарияланды.

1999 жылы Ақмола облысының Атбасар қаласында жазушы Ілияс Есенберлиннің мұражай-үйі ашылып, қаламгер тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

2003 жылы Республикалық ғарыштық байланыс және радиоэлектрондық құралдардың электромагниттік үйлесімділігі орталығы құрылды. Компанияның орталық кеңсесі астанада орналасқан. Оның екі ғарыштық байланыс орталығы бар: Ақмола облысы Ақкөл қаласындағы «Ақкөл» жерүсті басқару кешені және Алматы облысының Көктерек ауылындағы «Көктерек» резервтік жерүсті басқару кешені.

2005 жылы ҚР Президенті «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы Заңға сәйкес, мұсылман күнтізбесі бойынша аталып өтетін Құрбан айттың алғашқы күні және Православиенің Рождество мерекесі демалыс күндері болып бекітілді.

2011 жылы Д. Қонаевтың 100 жылдығына арналған фотоальбом жарыққа шықты. Фотоальбом отбасылық мұрағаттан материалдардан пайдаланған эксклюзивті басылым болды.

2011 жылы Астана қаласының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы Еуропалық сапа менеджменті қорының (EFQM) «Мінсіздікті мойындау» сертификатына ие болды. Ол елордалықтарға Еуропада таралған қалалық туризм және спорт басқармаларының сапа стандартына сәйкестігі үшін берілді.

2013 жылы Бейжіңде Қазақстан Республикасының Қытайдағы елшісі Нұрлан Ермекбаев Қазақстан Республикасының Хошимин қаласындағы (Вьетнам) құрметті консулы Нгуен Тхань Хунгке консулдық патентті табыстады. Құрметті консул Қазақстанның Вьетнамдағы мүддесін қорғап, консулдық аймақта Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғаларының мүдделері мен құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

2013 жылы Ақтөбеде драма театрының саябағында қазақ әдебиетінің классигі – ҚР Халық жазушысы, драматург Тахауи Ахтановқа, халық ақыны, драматург Қуандық Шаңғытбаевқа салтанатты түрде ескерткіш ашылды. Қола ескерткіш екі фигураны біріктірді. Драматург Тахауи Ахтанов орындықта отырса, оның қасында досы, жерлесі, ақын Қуандық Шаңғытбаев бейнеленді. Ескерткіштің биіктігі – 6,5 метр. Авторы – жас болса да, кәсіби ортада танылған мүсінші Жеңіс Жұбанқосов.

2017 жылы Олимпиада чемпионы, әлемдік ең беделді жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы мен жүлдегері Александр Винокуров негізін қалаған «Vino» брендінің кәсіби спорттық велосипеді Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) аккредитациясын алды.

2018 жылы Малайзия астанасы Куала Лумпурде өткен менталды арифметика бойынша XXIII бүкіләлемдік жарыста қазақстандық «калькулятор-балалар» 37 медаль жеңіп алды. Чемпионатқа әлемнің 80 елінен 5000-ға жуық «есептеуіш-бала» қатысты.

2020 жылы Иорданияның астанасы Амманда Абай көшесінің ашылу салтанаты өтті. Елші Айдарбек Тұматов өз сөзінде Иордания астанасының орталық көшелерінің біріне Абай есімінің берілуі Қазақстан мен Иордания арасындағы достық қарым-қатынастың тағы бір дәлелі, сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейінің дәлелі екенін атап өтті.

2020 жылы Қазақстан Ұлттық банкі номиналы 200 және 100 теңгелік мельхиор қорытпасынан жасалған «Қазақстанның өсімдіктері мен фаунасы» сериясынан «TORAŃǴY» коллекциялық монеталарын айналымға шығарды.TORAŃǴY (Тораңғы) - ала терек. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Әртүрлі халықтардың қасиетті деп саналатын қастерлі ағаштары бар. Олардың әрқайсысының өз аңызы да бар. Жапондарда сакура, еуропалықтарда емен ағашы, үнділерде секвойя, африкалықтарда баобаб секілді ежелгі көшпенділер арасында тораңғы табынатын киелі ағаш саналған.Сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық Банкі номиналы 5 000, 500, 200 және 100 теңгелік «Культтық жануарлар – көшпенділердің тотемдері» сериясынан «BUǴY» күміс коллекциялық монеталарын айналысқа шығарды. Көшпелі халықтардың наным-сеніміндегі киелі жануарлардың бірі – киік. Прототүріктердің көзқарасы бойынша бұл тотем тектік деп түсіндіріліп, ұрпақты болу символы ретінде қызмет еткен.

2020 жылы қазақтың ұлы ақыны және ойшылының 175 жылдығына орай Анкараның Гөлбашы ауданында Абай даңғылы мен мүсінінің салтанатты ашылуы болды. Мүсін авторы қазақ мүсінші Мұрат Мансұров.Анкара губернаторының орынбасары Абдулла Долек даңғыл мен Абай ескерткішінің ашылуына қатысқанына өте қуанышты екенін атап өтті. Ол өз сөзінде ата-бабамыздың лайықты жалғасы болуға ұмтылуымыз керектігін баса айтты.

2021 жылы Алматыда ағартушы, этнограф, қоғам қайраткері ғалым Ыбырай Алтынсариннің ескерткіші қойылды. Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай ашылған ескерткіш Алтынсарин көшесінің бойында орналасқан. Қола мен граниттен жасалған алты метрлік ескерткіштің авторы Данияр Сарбасов, Әлімжан Тоқбаев, Дулат Үсенбаев және Қанат Бегулиев.

2022 жылы Бибісара Асаубаева екі дүркін әлем чемпионы атанды. 17-ші турға қарай қытайлық Тан Чжуньи мен Бибісара Асаубаева 12 ұпайдан жинап, шахматшылардың әлем чемпионатында алтын медаль алуға мүмкіндіктері тең болды. «Алтын партияда» қазақстандық шахматшы Үндістан өкілі Харика Даринавиланы ұтып, үздік шықты. Өз кезегінде Қытайдан келген рапид бойынша әлем чемпионы тағы бір үнділік шахматшы Хампи Конерудан жеңіліп қалды. Нәтижесінде Бибісара Асаубаева екінші жыл қатарынан «алтын» жеңіп алды. 2021 жылы Бибісара Асаубаева шахмат тарихында блиц бойынша ең жас әлем чемпионы атанды.

2024 жылы «Jibek Joly» телеарнасы әскери қызметке арналған алғашқы ауқымды «100 сарбаз» реалити-шоуын аяқтады. Шиеленісті жарыста Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Арнайы операциялар күштерінің командасы тактикалық шеберлік пен дене шынықтыру дайындығын көрсете отырып, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын Ішкі істер министрлігіне бұйырды. Құрлық әскерлерінің өкілдері үздік үштікті түйіндеді.

2024 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымдарына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан пәтер кілттері табысталды. ҚазҰУ-дың 90 жылдығына арналған іс-шарада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин университеттің зерттеушілеріне тұрғын үй сертификаттарын салтанатты түрде табыс етті. Жаңа пәтер алған жас ғалымдардың бірі - молекулалық биология және генетика кафедрасының ғылыми қызметкері Әйгерім Қуанбай. Ғылым, инновация және халықаралық қатынастар кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Нұргүл Амангелді екі бөлмелі жаңа пәтер алды. Аға ғылыми қызметкер Ажар Мәлік те жаңа пәтер алды. Аға оқытушы және жас ғалым Олжас Құрманбаевқа тұрғын үй сертификаты табысталды. Жас ғалым және аға оқытушы Жанар Райымбекова екі бөлмелі жаңа пәтер алды. Пәтерлер зерттеушілерге Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас ғалымдарды қолдау бағдарламасы аясында берілді.