30 жылдың ішінде ЭКҰ арқылы 40 мыңға жуық бала дүниеге келді — ДСМ

Фото: pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері. ҚРТ: бүгіні мен болашағы» тақырыбындағы Қазақстанның репродуктивтік медицина қауымдастығының XVII Халықаралық конгресі ашылды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті. 

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев халықтың репродуктивтік денсаулығын сақтау мен нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Фото: ДСМ

— Ұлт саулығы аналардың денсаулығы мен өмір сапасымен тікелей байланысты. Бедеулік мәселесін шешу — әрбір азаматтың отбасы құру құқығын жүзеге асырудың маңызды бөлігі,— деді Денсаулық сақтау вице-министрі.

Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, соңғы онжылдықтарда Қазақстан репродуктивтік медицина саласында елеулі жетістіктерге жетті. Елде қосалқы репродуктивтік технологиялар дәуірі 1995 жылы басталып, осы уақытқа дейін ЭКҰ бағдарламаларының арқасында шамамен 40 мың бала дүниеге келген.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 32 ЭКҰ орталығы жұмыс істейді, олардың 19-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің шеңберінде қызмет көрсетеді, соның ішінде үш мемлекеттік орталық бар — Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық ғылыми орталығы, сондай-ақ Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығы.

Фото: ДСМ

2021 жылдан бері Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде 11 мыңнан астам бала өмірге келді.

— Біздің клиникалар Орталық Азия елдерінің мамандары үшін тәжірибе мектебіне айналды. Қазақстандық репродуктологтардың жетістіктері еліміздің шегінен тыс жерлерде де кеңінен танымал,— деді Тимур Сұлтанғазиев.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан бүгінде қосалқы репродуктивтік технологияларды (ҚРТ) қолдану тәжірибесі ең дамыған елдердің қатарында.

— Бедеулік — тек медициналық емес, сонымен қатар әлеуметтік мәселе. Ол көптеген отбасылардың тағдырына әсер етеді. Біз репродуктивтік денсаулықты нығайту және саланы дамыту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырамыз,— деп атап өтті ол.

Тимур Сұлтанғазиев отандық және шетелдік мамандарға саланың дамуына қосқан үлестері үшін алғыс айтып, конгресс кәсіби тәжірибе алмасу мен Қазақстандағы репродуктивтік медицинаның одан әрі өсуіне жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Осы күндері Алматыда өтіп жатқан Қазақстанның репродуктивтік медицина қауымдастығының (ҚРМҚ) XVII Халықаралық конгресі — Орталық Азиядағы ең ірі шаралардың бірі. Конгресс репродуктивтік денсаулық, ерлер мен әйелдердің бедеулігі, қосалқы репродуктивтік технологияларды (ҚРТ) қолдану, жүктілікті қадағалау, сондай-ақ репродуктивтік медицинаның құқықтық және этикалық аспектілеріне арналған.

Биылғы конгресс Қазақстандағы ҚРТ енгізілуінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Форумға Қазақстаннан және әлемнің 25-тен астам елінен 1000-нан астам маман қатысуда, олардың қатарында Аустралия, Әзербайжан, Аргентина, Армения, Беларусь, Бразилия, Ұлыбритания, Германия, Грузия, Израиль, Үндістан, Ирландия, Италия, Қытай, Қырғызстан, Франция, Пәкістан, Сербия, Тәжікстан, Түркия, Чехия, Ресей, АҚШ, Өзбекстан және Жапония елдерінің өкілдері бар.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстандағы алғашқы «құтыдан шыққан бала» авторы, өз саласының үздігі, Салтанат Байқошқарова бір донордан он баладан артық тууға болмайтынын айтқан еді.