30 жыл жазылған кітап - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 16 маусым, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Газ тарифі өсе ме? Деген сұрақтың жауабын іздейді. «Осыған орай қоғамдық тыңдаудың Астанада өтетіндігі Атырау кәсіпкерлерін алаңдатып отыр» деп жазады басылым.  Газеттің хабарлауынша, «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының облыстық филиалы газдың құнын көтеруге қам жасап отыр екен. «Табиғи газ тарифі өсетінінен хабардар болған атыраулық кәсіпкерлерден маза кетті. Олардың пікірінше, бұл  кәсіпкерліктің дамуына едәуір кедергі келтіруі мүмкін. Сол себептен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау облыстық филиалының директоры, «Нұр Отан» партиясының өңірлік филиалы жанындағы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Асылбек Жәкиев аталған мәселені партия алаңында талқылауды ұйғарыпты. Қоғамдық кеңес мүшелері алдында  «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының Атырау өндірістік филиалының директоры Мақсұт Абуов тарифтің жоғарылауы кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасында қаралған жұмыстардың ауқымымен байланыстырады. Алайда, қоғамдық кеңес мүшелері «ҚазТрансГазАймақтың» өндірістік базасын халықтың қалтасына салмақ түсіру арқылы жақсартуына келіспейді» - деп жазады басылым. Кәсіпкерлер әлемдік экономикалық дағдарыс тұсында тарифтің өсуін орынсыз деп санайтынын айтып отыр. Бұл туралы толығырақ газеттің бүгінгі санындағы «Газ тарифі өсе ме?» деген мақаладан оқи аласыздан.

 

«Егемен Қазақстан» газетіне қартайған шағында туған келіні баспанасын тартып алып, далада қалдырайын деп жүрген ананың араша сұраған хатын жариялаған. «Мемлекеттік қызметтен шеттетіліп қалғанда осы саланы бүге-шігесіне дейін жақсы меңгерген әрі білікті заңгер ұлым өз құқығын қорғау үшін жоғары инстанцияға дейін барған еді. Сол кездегі судьялар тарапынан жасалған заңсыздықтар әлі де жалғасып келеді. Олай дейтінім, 14 жылдан бері тұрып жатқан баспанам дауға айналып, сот процесіндегі заңсыздықтарға орай қартайған шағымда далада қалу қаупі туындап отыр» деп жазады қарт ана. Мәселеге қысқаша тоқталар болсақ, хат иесі 2002 жылы отбасының жақын досынан үй сатып алады. Оған 1800 доллар беріп, өз кезегінде үй сатқан Кенжехан Сексембаев үйді сыйға тарту құжаты бойынша рәсімдейді. Бірақ, үйде басқа отбасы мүшелерінің үлесі бар екенін не білмеген не айтпаған. Сол кезде жолдасы қайтыс болып, өзі науқастанып жатқандықтан, 19 жастағы Ермек есімді ұлы сатушы Кенжехан Сексембаевпен бірге барлық құжатты өзі реттейді. Арада уақыт өтіп, Ермек Әлия есімді бойжеткенге үйленген. Өкінішке қарай, Ермек 2015 жылдың наурызында мезгілсіз қаза табады да артынша оның жары Әлия енесін алдап, Ермектің зейнетақы қорындағы ақшасын алу керек деп, енесінің төлқұжаты мен үйдің түпнұсқа құжатын алып кетеді. Сөйтсе, «үйді кезінде Ермек өз ақшасына сатып алған» деп, түпнұсқа құжатпен үйді өз атына рәсімдемек екен. Бұны білгенде осы хаттың иесі арызданып, үйдің түпнұсқа құжатын алып алған. Бірақ, келіні оған түпнұсқа құжат емес, лазерлі көшірмені берген екен. Міне, содан бері қарт ана туған келінің залалын тартып, талай заңсыздыққа кездескен екен. Бұл туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Жан сыздатар заңсыздықтар» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Айқын» газетінің хабарлауынша, Қазақстанда 30 жыл жазылған кітап жарық көрді. Ғалым, зерттеуші, Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Мұрат Лаумулин «Әлемдік ориенталистикадағы Қазақстан және Орталық Азия тарихы» атты монографиясын жазуға өмірінің отыз жылын арнапты.  «Материалдарды жинақтаған кезімнен бастап есептейтін болсам, бұл кітаптың жазылуына өмірімнің 30 жылын арнадым. Кітапты 80-ші жылдардың екінші жартысынан бастап жаза бастадым. 2000-шы жылдары қызметіме байланысты кітапты екінші кезекке қойдым. Кітапты жазу барысында батыстың қайнар көздеріне көп жүгіндім. Барлық мәліметтер түпнұсқадан алынды. Бұл кітап менің жылдар бойы жүргізген  зерттеулерімнің, мұрағат ақтарған уақытымның жемісі. Ойым мен сөзімнің сығындысы. Бұл - кешенді зерттеу.  Өкінішке қарай, мұрағаттарда мен пайдаланған құжаттар жанып кетті» деген жазушы. Бұл туралы толығырақ «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Отыз жыл жазылған кітап» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

Ал, «Экспресс К» газетінің хабарлауынша, Жамбыл облысының абақтыларындағы адамдар бұрынғыдай емес, жұмыссыз жүр. Абақтыдағы адамдардың көбі қылмыстарынан келген залалды өтеуге міндеттелген. «Өткен ғасырдың ортасында облыстағы зауыттар мен кәсіпорындар түрмеде жазасын өтушілерді жұмысқа көп тартатын. Бірақ, 80-інші жылдардың аяғы мен 90-ыншы жылдардың басында түрмелер жекешелендіріліп кеткен. Осылайша, түрмеге түскен адамдар сол мекеменің цехтарында жұмыс істей бастаған. Бірақ, цехтардың көбіндегі құрылғылар тоқтап тұр. Сондықтан, қазір жазасын өтеушілердің көбі екі қолға бір күпек таппай жүр»,-деп жазады басылым. Бұл туралы толығырақ «Экспресс К» газетіндегі «Уолл-Стрит за колючей проволокой» атты мақаладан оқи аласыздар.