300 құтқарушы ЭКСПО қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елордаға келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 2 маусымда Астана қаласында ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмылдырылған ҚР ІІМ ТЖ комитетінің күштері мен құралдарын саптық байқау өтті, деп хабарлайды ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі.

ЭКСПО қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елдің әртүрлі өңірлерінен жеке құрамның 300 адамы және 33 техника бірлігі келді, бұл Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өрт сөндірушілері, Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығы шұғыл ден қою психологтары және бригадалары, ТЖ департаментінің инспекторлық құрамы.

Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.В. Ильин елордалық құтқарушыларға көмекке келген жеке құрам мен техника жағдайының әзірлігін тексерді.

«Сіздердің міндеттеріңіз - барлық жоспарланған іс-шаралардың өрт қауіпсіздігін сапалы қамтамасыз ету, туындаған төтенше жағдайларға уақтылы ден қою. Жұмыстарыңыздың тиісті ұйымдастырылуынан мемлекетіміздің имиджі қалыптасатын болады», - деп нұсқау берді Ю.В. Ильин.

Халықаралық іс-шараның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылған, ҚР ІІМ ТЖК күштері мен құралдарының жалпы саны 1218 адамды және 118 техника бірлігін, 8 тікұшақты құрайды.

Үш айналма аймағында кезекшілік көзделген, біріншісі - ЭКСПО аумағында, екіншісі - көрме айналасында және үшіншісі - елорда периметрі бойынша. 

Көрме аумағында күн сайын инженерлік-инспекторлық құрам кезекшілік жүргізетін болады. Бұдан бөлек 3 өрт сөндіру техникасын және Өрт сөндіру қызметі жеке құрамының 15 қызметкерін орналастыру көзделген.

Көрме айналасында, жақын орналасқан өрт сөндіру бөлімдерінің аумағында 11 техника бірлігі және Өрт сөндіру қызметінің, Жедел-құтқару жасағының Апаттар медицинасы орталығының жеке құрамының 46 адамы орналастырылатын болады.

«Астана қаласының жасыл белдеуін» қоса алғанда, елордаға іргелес аумақты өртке қарсы қорғауды тәулік бойы Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстары өрт сөндіру қызметтерінен тартылған күштер қамтамасыз ететін болады.

Барлық төтенше жағдайлар туралы хабарламалар штаттық режімде ТЖД кезекшілік-диспетчерлік қызметіне «101» және «112» арнайы желісіне келіп түсетін болады. Шетелдік азаматтардан келіп түсетін өтініштерді қабылдау үшін астаналық гарнизонның диспетчерлік құрамы ағылшын тілін оқыту курсынан өтті (Орталық өрт байланысы пункті - 20 адам., Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет басқармасы - 6 адам.). Бұдан бөлек, көрме өткізу кезінде диспетчерлік пункте ағылшын тілін еркін меңгерген волонтерлардың кезекшілігі ұйымдастырылатын болады.

 Жұмылдырылған жеке құрам ағылшын тілін оқыту курсынан өтті. «Экспо-2017»-ге дайындық шеңберінде ТЖК Көкшетау техникалық институты халықаралық көрме аясында іс-шараларға тартылатын қызметкерлер үшін қазақша-орысша-ағылшынша тілашар әзірледі. Барлығы 1000 дана тілашар шығарылды және ТЖК, оның аумақтық және ведомстволық бағынысты бөлімшелерінің қызметкерлері арасында таратылды.

Топтама кезекшілігін ұйымдастыру 3 маусымнан басталады.