«ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның «Мемлекеттік тілді меңгеру» бағытын жүзеге асыру мемлекеттік қызметшілерді оқытуда бірізді типтік бағдарламаның қолданылуын, Тіл орталықтарының қазақ тілін академиялық пән ретінде ғана оқытпай, мемлекеттік қызметшіні тілді оқытудың барлық деңгейінен өткен ересек аудитория ретінде қабылдап, кәсіби қызметке қажетті инновациялық технологияларды, авторлық бағдарламаларды қолдана оқытуды талап етеді», - дейді академия ректоры Болатбек Әбдірәсілов.
Оның айтуына қарағанда, аталған қажеттілікті жүзеге асыру мақсатында, кәсіби қызметінде, күнделікті қарым-қатынас барысында мемлекеттік тілді жеткілікті деңгейде қолдана алмайтын мемлекеттік қызметшілерге 3 деңгейлік интенсивті-тренингтік және қашықтықтан оқыту жобасы ұсынылады.
Ілкі жоба бойынша, мемлекеттік тілді кәсіби қызметінде жетік қолдана алмайтын бір мемлекеттік қызметші 3 деңгейлік біліктілікті арттыру семинарларынан (А1-А2, В1, В2) өтеді.
Ұсынылып отырған жоба ҚР Президенті Н.Назарбаевтың кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларына сай тіл саясатын жетілдіру, мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілді қолдану мәртебесін арттыру, қазақ тілін зиялы ұлттың әлеуетіне айналдыру бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізу мақсатында, мемлекеттік тілді кәсіби қызмет, күнделікті қарым-қатынас барысында жеткілікті деңгейде қолдана алмайтын мемлекеттік қызметшілердің сөйлеуін, әр түрлі ресми стильді дискурстарға түсуін, монологты ойларын жетілдіріп, аналитикалы-сараптамалық талдаулар жасаудың әдіс-тәсілдерін игертуге бағытталған.
Мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілінде тыңдап түсіну, оқу, сөйлеу, жазу және жазбаша сөйлеу құзыреттіліктерін қарапайым (А1-А2) деңгейден ортадан жоғары (В1-В2) деңгейлеріне интенсивті-тренингтік, қашықтықтан оқыту арқылы жеткізу, сондай-ақ қазақ тілінде ресми сөйлеу негіздерімен таныстыра отырып, мемлекеттік қызметшілердің кез келген тақырып бойынша ресми стильде сөз сөйлеу мәнерін қалыптастыру көзделеді.