300 млн теңге залал келтірген: Түркістанда 4 қаржы пирамидасының жұмысы тоқтатылды

Фото: Фото: pixabay.com/Max Zolotukhin

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Өңірде қаржы пирамидасына қатысы бар 25 күдіктіге қатысты іс сотта қаралып жатыр. 

Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Бахтияр Жүзеновтің айтуынша, қаржы пирамидаларының негізгі құрбандары мұғалімдер мен мейірбикер болған.

Сондай-ақ, жұмыссыз азаматтар да қаржы тауып, пирамидаларға салып жіберген. Тіпті, несие алып, салымшы болғандар кездескен.

- Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті былтыр 4 қылмыстық іс қозғап, нәтижесінде «Charoit», «Eoulus», «Chia-Tai», «Q-Net» қаржылық пирамидаларының жұмысы тоқтатылды. Ұйымдастырушы және жәрдемдесуші ретінде 25 күдіктіге қатысты істер өндіріспен аяқталып, сотта қаралып жатыр. Жалпы жәбірленушілер 300 млн теңге жобасында қаржысынан айрылған. Бүгінде департамент тарапынан «Datamain Ai», «Асар баспана», «Chia-Tai» қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, - деді Бахтияр Жүзенов.

Сондай-ақ, спикер халықты қаржы пирамидаларынан сақтандыру бағытында істеліп жатқан жұмыстар бойынша айтып өтті. 

- Түркістан қаласындағы 36 желілік саябақта қаржылық пирамидалардың тізімі жасақталған QR-кодтар орнатылған. Сонымен қатар интернет желісінен 1500 алаяқтық чат бұғатталды. Қазіргі таңда Қаржылық мониторинг агенттігімен бірге қаржы пирамидаларынан сақ болу, қаржылық сауаттылықты арттыру, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мектептер мен жоғарғы оқу орындарында тұрақты түрде дәрістер өткізіліп тұрады. Одан бөлек, халық көп шоғырланатын орындарда үнемі қаржы пирамидаларының қауіптілігі жөнінде мәліметтер таратылады,- деді Бахтияр Жүзенов.

Айта кетейік, бұдан бұрын Кентау қаласында алаяқтық қылмысы екі есеге өскенін жазған болатынбыз.