31 қаңтар. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 31 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Фото: ҚазАқпарат

74 жыл бұрын (1950) фольклортанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Шәкір ИБРАЕВ дүниеге келді.

Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 1974-1976 жылдары А.М. Горький атындағы КСРО ҒА (Мәскеу) Әлем әдебиеті институтында ғылыми стажер, 1976-1979 жылдары КСРО ҒА Шығыстану институтының (Мәскеу) түркітану мамандығы бойынша аспиранты, 1979-1982 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері, 1982-1989 жылдары ҚазМУ-де аға оқытушы, доцент, 1989-1995 жылдары Әдебиет және өнер институты жанындағы қолжазбалар ғылыми орталығының меңгерушісі, 1995-2001 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, 2000-2001 жылдары Эгей университетінің (Түркия) профессоры, 2001-2004 жылдары А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті (проректоры), 2004-2007 А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ғылыми орталығының директоры, 2007-2010 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің (ҚМУ) ректоры, 2010-2014 жылдары Халықаралық Түркі академиясының президенті болды.

Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты – фольклор және түркология мәселелері. «Қорқыт кітабы» (1986), «Қазақ эпосы» (1987), «Эпос әлемі» (1993), «Оғыз батырлық эпосының поэтикасы» (1997) кітаптарының авторы.

1990 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері атанды.

Фото: shokan.edu.kz

45 жыл бұрын (1979) режиссер, сценарист, продюсер Төлеген БАЙТҮКЕНОВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің орыс филологиясы факультетін бітірген.

Еңбек жолы: 2011 жылы «Время» газетінің киношолушысы. Фильмдегі дебюті – «Супербаха». 2020 жылы «Сары мысық» фильмінің режиссері және продюсері, 2019 жылы «Қара, қара адам», 2018 жылы «Саташ» фильмдерін түсірді.

Фото: time.kz

43 жыл бұрын (1981) «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Болатұлы ЖУВАШЕВ дүниеге келді.

Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін экономист мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2002-2009 жылдары Алматы қаласы бойынша «АТФ Банк» АҚ Несиелеу департаментінің маманы, жетекші маманы, бас маманы, несиелік сарапшысы, бөлім бастығы, 2009-2011 жылдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ Несиелеу және лизинг басқармасының бастығы, 2011-2015 жылдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, 2015-2018 жылдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарушы директоры – Басқарма мүшесі, «КаАгро Холдинг» АҚ басқарушы директоры, 2018-2020 жылдары «КаАгро Холдингі» АҚ басқарма мүшесі, 2020-2021 жылдары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, 2021-2022 жылдары «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі болды.

2022 жылдың тамызайынан бері қазіргі қызметінде.

Фото: fcc.kz

38 жыл бұрын (1986) - Павлодар облысы прокурорының орынбасары Бауыржан Ақылбекұлы ЕРТАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған.

Еңбек жолы: 2006-2020 жылдары Алматы қаласының прокуратурасында әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2018-2020 жылдары Алатау облысының прокуроры, 2020-2023 жылдары Алматы қаласы Алмалы ауданының прокуроры.

2023 жылдың қыркүйегінен бері қазіргі қызметінде.

Фото: gov.kz

26 жыл бұрын (1998) қазақ кәсіпқой боксшысы Садриддин Әлиханұлы АХМЕТОВ дүниеге келді.

Түркістан облысында туған.

2016 жылдың қараша айында Санкт-Петербургте (Ресей) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында финалда украин Павел Гуланы жеңіп, чемпион атанды. Сол жеңісінен кейін Қазақстанның ең үздік жас боксшысы деп танылды. 19 жастағы боксшы Қазақстанның ересектер құрамасына шақырылып, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновпен және 2017 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері Аблайхан Жүсіповпен күш сынаса бастады. 2017 жылдың сәуір айында Бангкок қаласында (Таиланд) өткен беделді Король кубогын жеңіп алды. 2017 жылдың маусым айында Астанада өткен Қазақстан Президентінің Кубогын жеңіп алды.

Ол кәсіпқой рингтегі дебютін 2018 жылы 7 сәуірде Videotron орталығында (Квебек, Канада) өткізіп, мексикалық Тони Баррерасты нокаутқа түсірді. Ол 13 жекпе-жек өткізіп, 13 жеңіске жетті, оның 11-ін нокаутпен жеңді.

Фото: sports.kz

76 жыл бұрын (1948-2008) жазушы-драматург, аудармашы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Қырғызстан Республикасы Т. Әбдімомынов атындағы әдеби сыйлығының лауреаты Баққожа МҰҚАЙ дүниеге келген.

Алматы облысында Райымбек ауданы Нарынқол ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын Кеген аудандық «Коммунизм нұры» газетінен бастаған. 1970-1988 жылдары «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеген.

1990-1995 жылдары Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық алқасында бас редактор, бас басқарма бастығы болған.

Жазушының «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» атты романдары, «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Тоят түні», «Жеті желі», «Алғашқы махаббат», «Ертегідей ертеңім» атты кітаптары жарық көрген. Шығармалары тәжік, қырғыз, белорус, якут, татар, башқұрт, чех, орыс, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, корей тілдеріне аударылған.

Орыс тілінде 1984 жылы «Водоворот», 1988 жылы «Белая птица» атты кітаптары шыққан. Оннан астам драмалық шығармалары Қазақстандағы және шет елдердегі театрларда қойылған. Бірқатар жазушының шығармаларын қазақ тіліне аударған. Бірнеше медальмен марапатталған.

Фото: adebiportal.kz