31 наурыз күні «Қазақстан» Ұлттық арнасында «Ашық әңгіме» атты жаңа жобаның тұсауы кесіледі

АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат - 31 наурыз күні «Қазақстан» Ұлттық арнасында «Ашық әңгіме» атты жаңа жобаның тұсауы кесіледі.

Бетпе-бет форматындағы диалог - отандық теленарықтағы сұранысқа ие жанрдың бірі. Аталған бағыттағы тележобалар еліміздің кейбір телеарналарында кездеседі. Алайда, «Ашық әңгіме» бағдарламасының басты ерекшілігі - оның жүргізушісі мен қойылатын сұрақтарында, деп хабарлады Ұлттық арнадан.

Жүргізуші - Айдос Сарым қоғам арасында өзінің қызықты пікірлерімен, құнды ұсыныстарымен, сапалы сараптамасымен танымал тұлға.

Студия қонақтары ретінде Қазақстанның мемлекеттік органдарының жетекшілері, танымал саяси қайраткерлер, зиялы қауым өкілдері, жазушылар, белгілі ғалымдар шақырылады. Әңгіме барысында қонақтың өткен өміріндегі іс-әрекеттеріне, қабылдаған шешімдеріне, тағайындалған қызметтеріне шолу жасалып, бүгінгі қоғамдық проблемаларға көзқарасы, мәңгілік мәселелерге пікірі, жеке ұстанымы жөнінде сауалдар қойылады.

Бағдарлама барысында блиц-сауалнамадан, әлеуметтік желілерден алынған сауалдар қойылып, сайттардағы сауалнаманың нәтижесі жөнінде пікірі сұралады. Бағдарлама соңында Сартр үлгісіндегі жылдам қысқа сауалдарға кезек беріледі. Сұрақтар аяқасты, тосын болады. Осы арқылы студия қонағын әр жақты сынап, түрлі қырынан ашу мақсат етіліп отыр.

31 наурыз күні сағат 21.35-те «Қазақстан» Ұлттық арнасынан «Ашық әңгімені» көруді ұмытпаңыздар.