31 шілде. Тұлғалар туған күн

Фото: Kazinform/ Midjourney

Бүгін, 31 шілде күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

62 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Валерий Владимирович НОЗДРИН дүниеге келді.

Алматыда туған. 1986 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1980-1981 жылдары В. И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының лаборанты, 1986-1987 жылдары Алматы қаласы Мәскеу аудандық прокуратурасының бос тұрған тергеуші қызметінің тағылымгері, тергеушісі, 1989-1990 жылдары Алматы қаласы Мәскеу аудандық прокуратурасында аға тергеуші, прокурордың аға көмекшісі, көмекші, 1990-1991 жылдары Алматы қалалық прокуратурасы тергеу бөлімінің прокуроры, 1991-1992 жылдары Қазақ ССР прокуратурасы сот үкімінің заңдылығын бақылау басқармасының прокуроры, 1992-1995 жылдары Алматы қаласы адвокаттар алқасының мүшесі, 1995-1997 жылдары Алматы қаласы Совет аудандық сотының судьясы, 1997-2000 жылдары Алматы қалалық сотының судьясы лауазымын атқарды.

2000 жылдың маусым айынан бастап қазіргі қызметінде.

56 жыл бұрын (1969) Алматы облыстық сотының төрағасы Талғат Әулиеханұлы ИБРАШЕВ дүниеге келді.

Фото: ognialatau.kz

Қостанай облысының тумасы. 1995 жылы Орал мемлекеттік заң академиясын бітірген.

Еңбек жолы: 1993-1996 жылдары Торғай облысы кеден басқармасының контрабандаға және кедендік ережелерді бұзуға қарсы күрес бөлімінің инспекторы, аға инспекторы, бөлім бастығы, 1996-1997 жылдары Торғай облыстық сотының аға консультанты, 1997-1999 жылдары Арқалық қалалық сотының судьясы, 1999-2004 жылдары Қостанай облыстық сотының судьясы, 2004-2009 жылдары Қостанай облысы Қостанай аудандық сотының төрағасы, 2009-2012 жылдары Қостанай қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы, 2012-2015 жылдары Рудный қалалық сотының төрағасы, 2015-2024 жылдары ҚР Жоғарғы Сотының судьясы болып қызмет атқарған.

Қазіргі қызметінде 2024 жылдың сәуірінен бастап.

47 жыл бұрын (1978) ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары-әдеп жөніндегі уәкіл Бауыржан Төлегенұлы ҚАСЫМОВ дүниеге келді.

Фото: Gov.kz

Қарағанды облысында туған. 2001 жылы «Болашақ» Қарағанды өзекті білім беру институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2013 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Қарағанды мен Қарағанды облысының әкімдігінде әртүрлі лауазымдардан бастады. 2010-2013 жылдары Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасында жұмыс істеді. 2013-2019 жылдары Қарағанды облысы бойынша Техникалық реттеу және метрология комитетінің департаментінде әртүрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың шілде айынан бері атқарып келеді.

42 жыл бұрын (1983) «Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Ерлан Сембекұлы АБСАТОВ дүниеге келген.

Фото: kazlogistics.kz

Қарағанды облысы Шахтинск қаласында туған. Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «жол қозғалысы инженері» мамандығы бойынша, Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетін «құқық» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2006-2008 жылдары Шахтинск қаласындағы «Казахстанская» шахтасының жерасты тау-кен жұмысшысы. 2008 жылы «Қаз АТО» Қазақстан Республикасы Халықаралық автомобиль тасымалдаушылары Одағы өкілдігінің менеджері болды. 2008-2011 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көлік және қатынас жолдары комитеті Автомобиль көлігі басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы. 2011-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Еуразиялық интеграция басқармасының бас сарапшысы, басшысы. 2014-2016 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Экономикалық интеграция департаменті директорының орынбасары. 2016-2018 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Экономикалық интеграция департаментін директорының міндетін атқарушы, директор. 2018 жылы «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ Салалық талдау орталығы директорының орынбасары болды. 2019-2024 жылдары «Kazlogistics» Қазақстан тасымалдаушылар одағының бас директоры лауазымын атқарған.

2024 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен, «Құрметті автокөлікші» төсбелгісімен марапатталған.