АТАУЛЫ КҮНДЕР
Блог күні
Алғаш рет 2005 жылы аталып өткен. Мейрамның дәл осы күнге белгіленуі мынаған байланысты: blog сөзін сан ретінде елестетсе, 3108-ге ұқсайды, яғни осылайша 31 тамыз пайда болады.
Блог күнінің негізгі міндеті – блогерлерге әртүрлі елдердегі әріптестерімен танысуға мүмкіндік жасау.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қоймасы бағалы металдардың алғашқы партиясын қабылдады. Олардың қатарында «төрт тоғыздық» сапасындағы алтынның 5 кесегі және 2 күміс кесек болды.
2007 жылы Таразда Абайдың ескерткіші орнатылды. Гранит тұғырында ашылған кітап орналасқан. Бір бетінде – ұлы ақын, философтың мүсіні, екіншісінде – әрбір қазақты бір-біріне дос ретінде қарауға шақыратын қара сөзі жазылған. Ескерткіштің биіктігі – 4 метр.
2010 жылы Жетісу Алатауы жотасының солтүстік тау бөктерінде «Жоңғар-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғат паркі» ашылды. Бұл аумақта Қызыл кітапқа енген, жойылу қаупі алдында тұрған «Сивер алмасы» өседі. «Жоңғар-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» жалпы аумағы – 356 022 гектар.
2012 жылы Қазақстанның тәулік бойы хабар тарататын «24KZ» тұңғыш жаңалықтар телеарнасы іске қосылды. Телеарна әлемде болып жатқан оқиғалар туралы ауқымды ақпарат беріп, Қазақстан жаңалықтарынан хабардар етеді. Аталған арна «ОтауТВ» ұлттық спутниктік желісі арқылы және кабельдік желілерде көрсетіледі.
2013 жылы Өскеменде жазушы Оралхан Бөкейдің ескерткіші ашылды. Оралхан Бөкей ескерткішінің авторлары – белгілі өскемендік мүсіншілер Владимир Самойлов пен Евгений Непьянов.
Оралхан Бөкей 1943 жылы Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында дүниеге келген. Алғашқы әңгімелер жинағы – «Қамшыгер» 1970 жылы шықты. Оралханның кітаптары неміс, словак, болгар, ағылшын, венгр, араб, қытай, жапон және бұрынғы КСРО елдерінің тілдеріне аударылды.
2014 жылы WBA (Super) және IBO нұсқалары бойынша бокстан Әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин «10 жойқын панчердің» рейтингіне енді.
2016 жылы Астанада Қазақстанның Ұлттық хореография академиясы ашылды.
2021 жылы Румынияның Крайова және Констанца қалаларында «Түркі әлемінен бір тыныс» концерті мен «Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан тәуелсіздігіне 30 жыл» фотокөрмесі өтті.
ТҮРКСОЙ-дың Румынияға сапары аясында делегация Меджидия қаласындағы «Қазақстан» алаңына және қазақтың ұлы композиторы Құрманғазының ескерткішіне барды. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Түрікменстан елдерінің түркі әлемінің өнерпаздары ұлы композитордың рухына тағзым етіп, Құрманғазының ескерткішінің алдында әйгілі туындыларының бірі – «Адай» күйі тартылды.
2021 жылы Дубайда (БАӘ) өткен бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық боксшылар барлық медальды жеңіп алды. 51 награда жиынтығының ішінде қазақстандықтар 49 медаль ұтты: 19 алтын, 15 күміс және 15 қола.