31 тамыз. Тұлғалар туған күн

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат 31 тамызға арналған «Тұлғалар туған күн» күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

91 жыл бұрын (1931-2018) Қазақстанның халық әртісі Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы ШӘРІПОВА дүниеге келген.

Алматы облысы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында туған. Алматы театр училищесін бітірген. «Қазақфильм» киностудиясы мен Қазақ радиосында жұмыс істеді. 1953 жылы Алматыдағы Қазақ драма театрының труппасына қабылданды. «Менің әкем кім» спектаклінде Лағылдың, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» - Ақтоқтының, Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпанында» - Қарагөздің және «Қарагөзде» - Қарагөздің, Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» - Айжанның, Уильям Шекспирдің «Отелласында» - Дездемонаның және басқаларының рөлдерін сомдады. Фильмдерді қазақ тіліне дубляж жасауға қатысты, радиода көркемсөз оқу шебері болды. «Өжет қыз» фильмінде - Нұржамал, «Біз осында тұрамыз» фильмінде - Дина, «Өмір жолында» - Хадиша, «Абай» телефильмінде - Қарлығаш рөлдерін экранға шығарды. Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты. «Құрмет белгісі» және «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталған.

48 жыл бұрын (1974) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Марат Несіпқалиұлы ИҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Атырау облысында туған. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік академия, Алматы экономика және статистика институтын тәмамдаған. Саяси ғылымдар кандидаты. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 1999 жылы ҚР Қауіпсіздігі Кеңесі орталығында сарапшы болып бастады. 2003-2009 жылдар аралығында Ақтөбе облысы әкімі аппаратының басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру бөлімінде бас инспектор, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрінің кеңесшісі, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарында болды. ҚР Индустрия және сауда министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің кеңесшісі, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Атом энергиясы комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Әкімшілік-кадр жұмысы департаментінің директоры, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. ҚР Инвестициялар және даму министрі кадр жұмысы және туризм индустриясы департаментін басқарды. «Казконтент» АҚ төрағасының орынбасары қызметінде болды. 2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің туризм жөніндегі кеңесшісі болды. 2018-2020 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Қазіргі қызметінде 2020 жылдың ақпанынан.

44 жыл бұрын (1978) ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Мемлекет пен қоғам коммуникацияларын дамыту департаментінің директоры Бекзат Рахимұлы РАХИМОВ дүниеге келді.

2000 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін, 2007 жылы Мәскеу мемлекеттік экономика университетін (статистика және информатика), 2010 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолы: 2000-2003 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қызметкері; 2003 жылы «Шығыс жобасы» ҚҚ жастар бағдарламаларының атқарушы директоры; 2003-2008 жылдары – Астана қаласының (қазіргі Нұр-Сұлтан) әкімдігінде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 2008-2010 жылдары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары. 2010-2011 жылдары – Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бас инспекторы, баспасөз хатшысы. 2014 жылы – Байланыс және ақпарат агенттігі Ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізу жөніндегі департамент директорының орынбасары. 2014-2016 жылдары – ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті БАҚ-ты бақылау басқармасының басшысы. 2016-2018 жылдары ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары, 2018-2019 жылдары ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры болған. 2019-2020 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпаратқа қолжетімділік саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры қызметін атқарды.

Қазіргі қызметінде 2020 жылдың мамырынан.