31 желтоқсан. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 31 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

108 жыл бұрын (1913-1975) әдебиетші-ғалым Әбусағит (Әбіш) Мұсылманқұлұлы ЖИРЕНШИН дүниеге келген.

Семей облысында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында) туған. Ташкенттегі Орталық Азия институтын, Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Оның аталары қолына билік ұстаған, мықты әулеттен болды. Атасы би, болыс болып, Абайдың көмекшісі, ниеттесі еді. Өзі бала күнінде молдадан сауат ашып, 11 жасында орыс мектебінен білім алған. 1928 жылы Семейдегі ауыл шаруашылығы техникумында оқыды. Қазақ халқының басына түскен зобалаң жылдары, ашаршылық пен қуғын-сүргіннің салдарынан Жиреншиндер отбасы 1930-ы жылдары Термезге кетіп, 1933 жылы Ташкентке барған. Ол жақтан қазақстанға 1930 жылдардың аяғында оралған.

Ол Қазақстан ғылыми-зерттеу қоғамының төрағасы, Қазақ КСР Орталық мұражайының директоры, Қазақстан Мемлекеттік кітапханасының директоры болып, Республикалық кітап сауда бірлестігін басқарған. Абай мұрасын алғаш зерттеушілердің бірі. Оның «Абай - қазақ халқының ойшылы», «Абай және орыстың ұлы демократтары», «Қазақ кітаптарының тарихынан» атты монографиялық еңбектері жарық көрген.

107 жыл бұрын (1914-1974) жазушы, аудармашы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Әбен САТЫБАЛДИЕВ дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1939-1962 жылдары - «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, «Ара» - «Шмель» журналының жауапты хатшысы, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы. 1968-1974 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакторының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. «Рухани қазына» ғылыми еңбектер жинағының, «Ақмарал» әңгіме, очерктер жинағының авторы. И.Гончаровтың «Жар» романын, Б.Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз», Ф.Гладковтың «Балалық шақ» повестерін, А.Қаһардың «Қыштақ», Ш.Рашидовтың «Дауылдан да күшті» романдарын қазақ тіліне аударған.

97 жыл бұрын (1924-1991) ғалым, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Ғафура Нұрғалиқызы БИСЕНОВА дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында туған. Орал педагогикалық институтын (М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті), Алматы консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.

Орал педагогикалық институты физика-математика факультетінің оқытушысы болған. 1953-1967 жылдары - Қазақ радиосының көркемдік жетекшісі, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы. 1967 жылдан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, қазақ музыкасы мен фольклор кафедрасының профессоры қызметтерін атқарған. Ғылыми еңбектері қазақтың халық музыкасын зерттеуге, негізінен Абайдың ән шығармашылығына арналған.

50 жыл бұрын (1971) ҚР Президенті Әкімшілігінің аймақтық-ұйымдастыру және мемлекеттік бақылау жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы Қалилла Насурлаұлы АБДОЛЛАЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысының тумасы. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын (инженер-экономист) және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін (заңгер) бітірген.

1994-2002 жылдар аралығында Жамбыл облысында қаржы жүйесі мекемелерінде әр түрлі басшылық қызмет атқарды. 2002-2004 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитеті салықтық әкімшілендіру басқармасының бастығы болды. 2004-2005 жылдары Астана қаласы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары; 2005-2008 жылдары Қостанай облысы бойынша салық комитетінің төрағасы; 2008-2012 жылдары Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау облыстары бойынша салық департаментінің бастығы; 2012-2013 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болды. 2014-2017 жж. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алулар комитеті төрағасының міндетін атқарушы болып қызмет атқарды.

Қазіргі қызметінде – 2017 жылдан бастап.



40 жыл бұрын (1981) Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Нұрлан Ермекбайұлы ЕРМАНОВ дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған.

1999-2001 ж.ж – Шымкент қаласындағы ҚР Ішкі Істер Департаментінің заң колледжінде «құқық қорғау» мамандығын алған. 2001-2004 ж.ж – Қазақ гуманитарлық Заң университетінде «құқықтану» мамандығын алған. 2016-2018 ж.ж. – Аудандық әкімшілік инновациялық университетінде заң ғылымдарының магистрі дәрежесін иемденген. 2006 жылдан бастап Қызылорда облыстық прокуратура органдарында қызметін бастаған. 2008-2012 ж.ж. – Қызылорда көлік прокурорының орынбасары қызметін атқарған. 2018-2019 ж.ж. – Ақмола облысы Атбасар ауданының прокуроры қызметін атқарған. 2019 жылдан бастап Қызылорда облысы прокурорының орынбасары қызметін атқарады.