Министрдің айтуынша, мемлекеттік қолдау нақты жобалар арқылы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Алдымен ауыл шаруашылығы саласындағы мысалға тоқталды.
– EcoSave жобасы өсімдіктерді қорғауға арналған биопрепарат шығарады. Оның арқасында өнімділік 15%-ға артты, ал пестицид қолдану азайды. Өндіріс көлемі 760 мың литрге дейін жетті. Бұл жобаға 110 млн теңге грант беріліп, нәтижесінде 1,8 млрд теңге экономикалық әсер алынды, – деді ол.
Ал өнеркәсіп саласында нәтиже одан да жоғары.
– Asia Trafo жобасы электр энергетикасына арналған 500 киловольттық реактор шығарды. Соның арқасында импорттық өнімдер алмастырылып, 23 құрылғы іске қосылды. 319 млн теңге грант бөлініп, 16 млрд теңге экономикалық нәтиже алынды, – деді министр.
Яғни, жобалар аз қаржының өзін тиімді пайдаланып, бірнеше есе қайтарым беріп отыр. Бұл үрдіс стартаптар секторында да байқалады.
– Tumar Ventures қоры 22 стартапты қаржыландырды. Нәтижесінде олардың жалпы құны 215 млн АҚШ долларынан 457 млн АҚШ долларына дейін өсті. Мысалы, JobEscape жобасы 3 млн-нан 32 млн АҚШ долларына дейін, ал zypl.ai 10 млн-нан 80 млн АҚШ долларына дейін өсті, – деді Жаслан Мәдиeв.
Министрдің сөзінше, мұндай нәтижелер инновацияның тек идея емес, нақты табыс әкелетін құралға айналып жатқанын көрсетеді.
Айта кетейік, бұған дейін Жаслан Мәдиeв инновациялық жобаларға салынған әрбір теңге екі есе қайтарым беріп отырғанын мәлімдеген еді.