32 өзен мен көл: Алматыда су қорғау аймақтары белгіленді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласы әкімдігінің 2026 жылғы 29 қазандағы №4/688 қаулысына сәйкес, қала аумағында су қорғау аймақтары, белдеулері және оларды шаруашылық пайдалану режимі белгіленді.

Фото: Су шаруашылығы министрлігі

Қаулы бойынша Алматы қаласындағы 32 су объектісінің су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекарасы белгіленді. Олардың қатарында Ақсай, Тастыбұлақ, Есентай, Қарағайлы өзендері, Үлкен Алматы көлі және т.б. бар. Су қорғау белдеуінің ені 35 метр, ал су қорғау аймағының ені жекелеген су объектілеріне қарай 120–500 метр аралығында белгіленген.

Бекітілген ережелер бойынша су қорғау белдеулерінің шегінде мына жұмыстарға тыйым салынады:

- су объектілерінің сапалық және гидрологиялық жай-күйін нашарлататын (ластануына, қоқыстануына, сарқылуына әкеп соғатын) шаруашылық және өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыруға;

- су шаруашылығы және су тарту құрылыстары мен олардың коммуникацияларын, көпірлер мен көпір өткелдерін және су көлігінің қызметіне байланысты өзге де көлік инфрақұрылымы объектілерін, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілерді, сондай-ақ су объектілерін қорғауға қойылатын жалпы талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылатын демалыс аймақтарын қоспағанда, ғимараттар мен құрылыстар салуға және пайдалануға;

- жер учаскелерін бау-бақша өсіру және саяжай құрылысы үшін беруге;

- су объектілерін, олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерін ластанудан қорғайтын құрылыстармен және құрылғылармен жабдықталмаған қолданыстағы объектілерді пайдалануға;

- топырақ пен шөп жамылғысының бұзылуына әкеп соғатын жұмыстарды жүргізуге (оның ішінде жер жыртуға, мал жаюға, пайдалы қазбаларды өндіруге);

- шатырлы лагерьлер, көлік құралдарының тұрақты тұрақтарын, малға арналған жазғы лагерьлер ұйымдастыруға;

- тыңайтқыштардың барлық түрлерін қолдануға болмайды.

Алматыдағы су қорғау аймақтары және ондағы талаптармен сілтемеден толық танысуға болады.

Еске салайық, Орталық Азияда мұздықтардың еруі мен су тапшылығы күрделі мәселеге айналып отыр. Бұл туралы Құрылтай депутаты Айжан Сқақова Дүниежүзілік ғылым күніне орай өткен халықаралық конференцияда айтты.