Дияс Құрманғазы Алматыда дүниеге келген. Балетке келуді бала кезінде жоспарламаған. Ол кезде футболмен айналысып жүрген жасөспірімді мектепке келген хореография училищесінің мамандары байқап, кәсіби бағытқа шақырған. Осылайша 11 жасында училищеге түсіп, сегіз жыл бойы интернатта білім алған.
– Ол кезде бүкіл ойым доп қуалап, футбол ойнау еді. Мектепке кәсіби педагогтер келіп, балаларды таңдап, қабілетімізге қарап, ата-анамыздың нөмірін алып кеткен. Кейін ата-анам «училищеге түсіп көресің бе?» деді. Келістім. Басында бұл салада қаламын деп ойлаған жоқпын. Тіпті бесінші сыныпта әкеме «бұл жерде оқығым келмейді» дедім. Бірақ әкем соңына дейін оқып шығатынымды айтты. Сөйтіп сегіз жыл оқып, училищені бітірдім, – деді Дияс Құрманғазы.
Қазір балет әртісінің күнделікті өмірі қатаң тәртіпке құрылған. Таңертеңгі дайындықтан кешкі репетицияға дейінгі уақыттың басым бөлігі залда өтеді.
Жақында Диястың жаттығу кезінде орындаған күрделі элементтері түсірілген видео әлеуметтік желіде күтпеген жерден кеңінен тараған.
– Бұл видеоны түсірудің өз тарихы бар. Басында кейбір элементтер дұрыс шықпай қалды. Сондықтан соңына дейін қалып, бәрін дұрыстап қайталап, досымнан видеоға түсіріп беруін сұрадым. Ішіндегі элементтер қиын. Оларды күнделікті жаттығу арқылы бірнеше жылда қалыптастыратын техника деуге болады. Мен сол сәтте өзім үшін түсіріп, кейін демалып отырған кезде Instagram-ға сала салдым. Репетициядан кейін телефонымды ашсам, қаралымдар бірден көбейіп кетіпті. Бір сағаттың ішінде 200 мың қаралым болған. Кейін әріптестерім де жүгіріп келіп, видеоны бәрі көріп жатқанын айтты. Қазір ол 34 миллионға жуық қаралым жинады. Пікір қалдырғандардың арасында АҚШ, Мексика, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдердің тұрғындары көп болды, – деді ол.
Өнерпаз әлеуметтік желіні өзін таныту үшін жүргізетінін айтты. Оның басты мақсатының бірі – халықаралық сахнаға шығып, әлемнің танымал театрларында шақырылған әртіс ретінде өнер көрсету.
Дияс үшін әр рөлдің өз орны бар. Өткен маусымда ол Мариус Петипаның әйгілі «Баядерка» балетінде Солор рөлін сомдаған. Бұл рөлді ол бала кезінен армандаған. Ал алдағы қойылымдардың қатарында «Ромео мен Джульетта» балеті бар. Өнерпаз онда Ромеоның рөлін сомдайды. Сонымен қатар «Спартак» балетінде Спартактың өзін немесе Красстың рөлін орындауды армандайды.
– Өз театрымнан басқа театрда тұрақты әртіс болғым келмейді. Бірақ шетелде шақырылған әртіс ретінде өнер көрсеткім келеді. Париждегі үлкен сахналарда, Royal Ballet секілді әлемге танымал театрларда гастрольмен өнер көрсету арманым. Кішкентай кезімде «Баядерканы» бір рет көріп, үлкен әртістерге қарап осы рөлді ойнасам деп армандайтынмын. Оның техникасы өте күрделі, дуэттері де қиын. Мүмкін шығысқа жақын болғандықтан шығар, бұл рөл өзіме ерекше жақын болды, – деді балет әртісі.
Өнерпаз балетке қызығатын балаларды ерте жастан дайындау керек деп есептейді. Оның айтуынша, 7-8 жастан бастап жаттығу баланың денесін қажетті техникаға бейімдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ұл балалардың балетке баруына қатысты қалыптасқан таптаурынның да жойылғанын қалайды.
Алдағы күздің соңына қарай Астана опера театрының сахнасында «Чарли» балеті қойылады. Сонымен қатар жас хореограф Ғұмар Сұлтанбеков дайындап жатқан отандық «Томирис» балетінде Дияс Құрманғазы өнер көрсетеді.
Айта кетейік, бұған дейін, Шымкентте Мәдениет және өнер университеті құрылып, жаңа Опера және балет театры салынатынын жазған едік.