341 көшенің жолы жөнделеді -Алматы

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының тоғыз шағын ауданындағы 341 көшенің жолдары жөнделеді. Бұл туралы мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы тікелей эфир барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы» телеарнасындағы Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирі кезінде «Құрамыс» шағын ауданның тұрғыны ол тұратын көшедегі жолдың қашан жасалатынын сұрады. Әкім аталған шағын ауданда бүгінгі таңда 27 көшенің 23-і асфальтталғанын мәлім етті. Ұзындығы 4,9 шақырым болатын барлық көшеге асфальт төсеу жұмыстары қараша айында аяқталады. Биыл Алматыда 9 шағын аудандағы 341 көшеде 93 шақырым жол салынып, күрделі жөндеуден өтеді. Қазіргі уақытта 6 шағын ауданда жол жөндеу жұмыстары аяқталған, олар – Шаңырақ-5, Нұршашқан, Самғау, Әлмерек, Қайрат, Өжет. Алғабас шағын ауданында жоспар бойынша 6 шақырым жолдың орнына 6,8 шақырым жол асфальтталды. Екі шағын ауданда – Құрамыс және Думанда жөндеу жұмыстарын қараша айында аяқтау жоспарда. Бұдан өзге, биыл ұзындығы 201,1 шақырым болатын 206 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы ұзындығы 219,1 шақырым болатын 324 көше қамтылды, қазіргі кезде ұзындығы 185,5 шақырым болатын 197 көшеде жұмыстар аяқталды, қалған 9 көше бойынша жұмыстар аяқталуға жақын.

Сонымен қатар, жалпы ауданы 214 мың шаршы метр жолдарда шұңқырларды жөндеу жүргізілді, 1 247 люк тегістелді. Жұмыстарға 4 мердігерлік ұйым, 12 бригада, 96 жұмысшы, 28 арнайы техника жұмылдырылды. 31 шақырым тротуар, 65 аялдама алаңы жөнделді.


Соңғы жаңалықтар