35 мектепте Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі таратыла бастайды - министр

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату 35 мектепте басталады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Оқушылардың функционалды сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық іс-қимыл жоспарының орындалу барысы туралы» баяндама жасаған ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов айтты.

Елімізде оқушылар мен мұғалімдердің субъектілік рөлін дамытуға бағытталған жаңа педагогикалық технологияларды енгізу басталғандығын баса айтқан министр: «Осы орайда, барлық білім жүйесінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін таратудың маңызы зор. Бұл жұмыс ең алдымен 35 ілкі мектептен басталады. Кембридж университетімен бірлесіп әзірленген оқу бағдарламалары, жоспарлар мен әдістемелер енгізіледі», - деді.

Б.Жұмағұловтың пайымынша, осылайша Қазақстанда 12 жылдық оқытудың методологиясы мен оның мазмұнының негізі қаланатын болады.