Аудиттік бақылау 2025 жылғы 1 шілде мен 30 қараша аралығын қамтыған. Тексеру барысында сатып алу рәсімдерінің бірқатарында заң талаптарының сақталмағаны белгілі болды. Бұл жөнінде Kazinform тілшісіне департамент басшысының орынбасары Зоя Сапарова мәлімдеді.
Заңбұзушылықтардың басым бөлігі баға ұсыныстарын сұрату (БҰС) тәсілімен жүргізілген сатып алуларда тіркелген. Бұл бағытта 38 хабарлама жолданып, қаржылық көлемі 178,3 млн. теңгеге жеткен. Аталған сома анықталған заңбұзушылықтардың жалпы көлемінің 49,78 пайызын құрайды.
Сондай-ақ басқа сатып алу тәсілдері бойынша да кемшіліктер анықталған. Атап айтқанда, бір көзден алу (шартты тікелей жасасу) тәсілі бойынша 13 хабарлама жолданып, бұзушылықтар сомасы 138,1 млн теңгені құраған.
Қосымша келісімдерге қатысты 6 хабарлама тіркеліп, олардың жалпы сомасы 14,5 млн. теңге болған.
Ал конкурс пен аукциондар аясында 27,2 млн. теңгеге бір заңбұзушылық дерегі анықталды.
Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мәліметінше, жолданған хабарламалар бойынша заңбұзушылықтарды жою және сатып алу рәсімдерін заң талаптарына сәйкестендіру жұмыстары жүргізілді.
Осыған дейін Әлеуметтік төлемдер жүйесінде 216 млрд теңге орынсыз жұмсалғанын хабарлаған едік.