360-тан астам әскери қызметкер салтанатты түрде ант берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлттық гвардияның Астана гарнизоны әскери бөлімшелерінің 360-тан астам қызметкері салтанатты түрде ант берді, деп хабарлады astana.gov.kz.

Отан қорғаушылар алаңында өткен шара барысында Тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан Ішкі әскерлердің 17 жауынгеріне арналған ескерткішке гүл қою рәсімі өткізіліп, бір минут үнсіздікпен еске алынды.

Әскерге шақырылған азаматтардың өміріндегі маңызды шараны Ұлттық ұлан бас қолбасшылығының, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар, ҚР Ұлттық гвардиясының ардагерлері, жас жауынгерлердің ата-аналары мен №25 қалалық мектеп оқушылары тамашалады.

Халқына, Мемлекет басшысына, еліне және өз-өзіне ант беру ежелгі замандардан сақталған әскери дәстүр. Бұл Отанының намысын, бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауға бағытталған маңызды құқықтық және саяси-тәрбиелік шара. Айта кетейік, биыл 5 мыңнан астам әскери қызметкер ҚР Ұлттық гвардиясының қатарына қабылданды.