366 қазақстандық Мажарстанның ЖОО-ларында білім алуға жолдама алды

Коллаж: Kazinform/ Canva

АСТАНА. KAZINFORM — Мажарстан үкіметі 366 қазақстандыққа білім грантын ұсынды, деп хабарлайды «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметі.

Қорытынды комиссияның шешімімен 366 қазақстандық Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім алуға ұсынылды. «Stipendium Hungaricum» стипендиялық бағдарламасы бойынша конкурстық іріктеуге 1607 үміткер қатысты.

— Үкіметаралық келісім аясында қазақстандықтарға жыл сайын «Stipendium Hungaricum» бағдарламасы бойынша Мажарстанның жетекші жоғары оқу орындарында академиялық білім алуға білім беру гранттары ұсынылады. Грант оқу ақысын, жатақханада тұру шығындарын, медициналық сақтандыруды қамтиды, сондай-ақ ай сайынғы стипендия төленеді, — делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, «Stipendium Hungaricum» білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі соңғы шешім Мажарстан тарапынан қабылданады.

Ұсынылған қазақстандықтардың тізімі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның ресми сайтында жарияланды.

Осыған дейін «Болашақ» бағдарламасы аясында атом энергетикасы мамандары білім алатынын жазған едік.